Осы саладағы нәтижелі жұмыстың тағы бірі – теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту. Президент тапсырмасымен қолға алынған ауқымды бағдарламаға сәйкес жаңартылған вокзалдардың бірнешеуі Ақмола облысында. Өңірде ондаған жыл жөндеу көрмеген 16 теміржол вокзалының он екісі жаңартылып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы төртеуі тапсырылады.
Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Содан бері нысанға бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір тозығы жеткен ғимараттың шатыр мен қасбеті ауыстырылып, кәріз, су, жылу, электр және байланыс желілері заман талабына сай қайта тартылды. Ал вокзалдардың ішкі кеңістігі жаңа жиһазбен жабдықталды.
Есламбек Рахметжанов, Жақсы ауылының тұрғыны:
- Орындықтар болсын, креслолар болсын. Ыстық су бар. Туалет бар. Баяғыда далада болатын. Халық енді қуанып жатыр. Адам сияқты демалып. Баяғыда адам келіп, шаршап кететін вокзалдан. Мәселе орын аз болды. Скаймейкалар сынып жатқан, ескі орындықтар болды. Қазір бәрі өзгерді. Бәрін жаңадан әкелді
Жөндеу жұмыстары аясында жолаушылар перронының ұзындығы 388 метрден 500-дейін ұлғайған. Вокзал аумағына бейнебақылау камералары орнатылды. ЖалпытЖақсы станциясымен онға жуық жолаушылар пойызы қатынайды.
Жанар Берлібекова, теміржол вокзалының кезекшісі:
- Біздің жолаушылар Павлодар, Семей, Маңғыстау, Алматы, Қостанай. Бізде көп сұраныс сол Қостанай жаққа. Студенттер көп баратын. Астанаға көп сұраныс. Бізде осы көктем айында Алматы-Қостанай мен Семей-Маңғыстау пойыздарын қыстартайын деген. Бірақ бізде бүкіл әкімшілік, ауыл тұрғындарымен бәріміз хат жазып, осы пойыздарды тоқтатпауын неттік.
Теміржол – ел экономикасының күре тамыры. Өйткені оның жұмысы барлық саланың дамуына ықпал етеді. Сондықтан мамандар барлық нысандардағы жұмысты сапалы әрі уақытында орындауға тырысып жатқандарын айтады.
Александр Рублёвский, жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасы басшысының М.А.:
- Қалған төрт вокзалдың негізгі құрылысы осы айдың соңында аяқталады. Біз ол нысандарды шамамен қазан айында іске қосуды көздеп отырмыз. Оның ішінде ең негізгісі Көкшетау теміржол вокзалы. Мұның бәрі тұрғындардың жайлы, әрі қолайлы жүріп тұруы үшін жасалып отыр.
Президент тапсырмасымен ел бойынша 124 вокзалды жаңарту жоспарланған. Қазір соның жетпіс екісінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандар да кезең-кезеңімен ел игілігіне берілмек.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный