Бақыршық кенішінде Kcell жеке LTE желісін іске қосты

  • 5
  • 24.08.2026, 19:37

Kcell компаниясы Қазақстан экономикасын цифрландырудың технологиялық серіктесіне айналып келеді. Байланыс операторы жасанды интеллектіні енгізуге, өндіріс процестерін автоматтандыруға және кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға арналған инфрақұрылым қалыптастыруда. Осы бағыттағы кезекті қадамдардың бірі – еліміздегі ірі тау-кен кәсіпорындарында өнеркәсіптік интернет желісін іске қосу.

Бақыршық тау-кен кәсіпорнында Прайвет ЛТЕ жабық байланыс желісі іске қосылды. Жоғары жылдамдықтағы цифрлық инфрақұрылым жасанды интеллект, ІоТ және өндірістік процестерді автоматтандыруға негізделген технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік берді.

Құрмет Хасенов, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС цифрлық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің басшысы:

- Диспетчерлік басқару, нысандардың орналасуын бақылау, бейнебақылау жүйелерін енгізуге болады. Бірақ олардың арасында сенімді байланыс инфрақұрылымы болмаса, бұл жүйе қажетті нәтиже бермейді. Сондықтан Прайвет ЛТЕ желісін құру кезінде біз оны жеке жоба ретінде емес, кәсіпорынның цифрлық экожүйесінің негізі ретінде қарастырдық.

Жаңа цифрлық инфрақұрылым қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. Тау техникасының бос тұру уақыты азайып, бақылау жүйелері адами фактордан туындайтын тәуекелдерді төмендетуге көмектесуде. Қазіргі таңда кәсіпорында жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Ол шаршау белгілерін нақты уақыт режимінде анықтап, өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Андрей Епифанов, экскаватор машинисі:

- Бұрын біз деректерді флеш-карталар арқылы тасымалдайтынбыз. Маркшейдерлер келіп, жобаларды жүктейтін. Қазір мұның барлығы желі арқылы қашықтан беріледі.

Владислав Черепанов, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС цифрлық технологиялар және автоматтандыру жүйелері бойынша техникалық директордың орынбасары:

- Біз «Полина» автоматтандырылған диспетчерлік жүйесін енгіздік. Оның толыққанды әрі тиімді жұмыс істеуі үшін карьердің бүкіл аумағын тұрақты байланыспен қамту қажет болды. Осы міндетті іске қосылған Прайвет ЛТЕ желісі толық шешіп берді.

Өндірістік интернет желісінің іске қосылуы цифрлық технологиялардың ауыр өнеркәсіпті түбегейлі өзгерте алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай шешімдер кәсіпорындардың өндірістік тиімділігін арттырып қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де көтереді. Kcell үшін мұндай жобалар Қазақстан экономикасын одан әрі цифрландыруға бағытталған стратегиялық жұмыстың маңызды бөлігі саналады.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков