Енді балаларға үйде көрсетілетін үйреншікті әлеуметтік қызметтермен қатар, бейінді мамандардың қашықтан көмегі де ұсынылады. Бұл тәсіл балалар мен олардың отбасыларына қажетті көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы кезеңінде мүгедектігі бар 180 балаға дейін көмек көрсетілмек. Оған қатысу үшін баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Қазір тар бейінді маманнан кеңес алу үшін отбасыға аудан немесе облыс орталығына баруға тура келеді. Ал «FSM Social» цифрлық платформасы арқылы мамандар отбасыларға қашықтан кеңес беріп, баланы сүйемелдеу нәтижелерін бақылап отырады. Жобаның негізгі кезеңі 2026 жылдың қазан айынан келер жылдың сәуіріне дейін жалғасады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Енді ата-аналар қажетті болған жағдайда онлайн форматта психолог, логопед, оңалту мамандарымен байланысқа шығып, өздері толық консултацияларын ала алады. Мына жұмысқа біздің әлеуметтік жұмыскерлер де қосылады. Бұл формат ең алдымен алыстағы ауылдағыларға арналған. Сол себептен қазір біз қыркүйек айына дейін әкімдікпен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.