Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласын отандық ғалымдармен бірге еуропалық мамандар да зерттеп жатыр. Археологтар шаһардың нақты жасын анықтау үшін заманауи озық технологияларға жүгінуде. Мәселен, соңғы жылдары көне қала аумағына толық электротомография жасалып, құм астында жатқан нысандар туралы құнды мәліметтер жинақталды. Жалпы бұл аймақтағы зерттеу жұмыстарының басталғанына 20 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде 25 мыңға жуық жәдігер табылды. Соңғы қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құбырды мамандар қаланың көне кәріз жүйесі болуы мүмкін деп болжайды. Ғалымдар Жанкенттің тек тұрмыстық инфрақұрылымын емес, оның халықаралық дәрежедегі тарихи маңызын да айқындай түсуде.
Генрих Харке, Археология ғылымдарының докторы, профессор /Германия/:
- Соңғы зерттеулер солтүстіктен шыққан сауда жолдарының дәл осы қала арқылы өткенін сенімді түрде дәлелдейді. Сондықтан Жанкент тек сауда орны ғана емес, тауарларды Сырдария, Хорезм немесе Арал теңізі арқылы қайта үлестіретін маңызды логистикалық орталық қызметін атқарған. Шаһардың негізгі тарихи маңызы да осы сауда тоғысында жатыр. Дегенмен археологиялық қазбалар созылған сайын бұл тұжырымдарды өзгертетін жаңа деректердің де табылуы әбден мүмкін.