БҚО-дағы жүргізуші Мұқағали мен Қадыр Мырза Әлінің жүздеген жырын жатқа біледі

  • 6
  • 24.08.2026, 19:42

 «Өлең сөзге әркімнің бар таласы». Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында көлік жүргізушісі болып еңбек ететін Ерболат Қалиевты ауылдастары Мұқағали деп атайды. Мұқағали мен Қадыр Мырза Әлінің жүздеген жырын жатқа білетін, өзі де кейде шабыт келгенде жүрексіне жыр жазатын 48 жастағы азамат кітапқа құштарлығы үшінші мүшелде оянғанын айтады.

24 жасында Қаратөбе аудандық әкімдігіне көлік жүргізушісі  болып жұмысқа орналасқан Ерболат Қалиев содан бері талай жақсы-жайсаңдармен сапарлас болыпты. Темір тұлпарды тізгіндеп, ауыл-аймақты түгел шарлапты. Техниканың тілін білетін азаматтың әдебиетке құштарлығы үшінші мүшелде оянған екен.

Ерболат Қалиев, көлік жүргізуші:

- 37 жасымнан бастап кітап оқи бастадым. Оның ішінде поэзия. Поэзия енді адам жанын ізгілікке, аяулы сезімдерге тәрбиелейтін үлкен күш қой. Сол бірінші Қадырды оқыдым. Жаңағы айтқан Асқат Берлешұлы деген бастығым болды, аудан әкімі болды. Осында сол қалада бір отырыста біреу 19 том қызыл кітабы бар ғой. Қадыр Мырза Әлі деген, соны біреу сыйға берді де, соның біреуі, бір кітабы қалып қойды. Үйіне түсіргеннен кейін соны алып ашып қарадым да, «Уа, тіршілік, не берсең де арнап бер!» деген өлеңі бар ғой. Сол өлеңін жаттап алдым, білмеймін, ұнап қалды, содан басталды ғой.

Ақын жанды азамат аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы. «Кітап оқитын ұлт» жобасына байланысты түрлі байқауларға, әдеби шараларға белсене қатысып. арасында өз өлеңдерін де оқиды. Өте елгезек, сыпайы, әдепті, дегдар азамат жөнінде ауылдастары, әріптестері жоғары пікірде.

Нұртас Сафуллин, Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Шын мәнінде де, енді Мұқағалидың өлеңдерін жүрекпен сезініп өте жоғары, өзі іштей жоғары бағалап, жақсы көріп оқиды. Үнемі өзін рухани тұрғыда жетілдіріп жүретін санаулы адамдардың бірі деп айтуға болады ауылдық жерде. Осындай сана биігінде деген бір тіркестер бар ғой айтылатын. Бір сондай деңгейде адаммен сұхбат құра алатын сондай ерекшелігі бар.

Жиын-тойларда тілегін жыр жолдарымен әдіптеп, рухани тақырыпта кез келген адаммен еркін сөйлесетін Ерболатты жұмысқа шақырғандар да аз болмапты. Бірақ дипломы жоқтығы кедергі. Келешекте университетке түсуді армандайды. 

Ерболат Қалиев, көлік жүргізуші:

- Осы кезде қазір керек. Көп жерде сұрап жатыр. Ең болмаса дипломым жоқ па деп, не бітірдің дейді. Тойларда бір тілек айтып шыққанда, танымайтын кісілер келіп айтып жатады. Бауырым тіл маманысың ба деп, жоқ деймін. Нанбайды көбіне. Әдебиеттен сабақ бересің бе деген сұрақтар қойып жатады. Жалпы көбіне Мұқағалидың өлеңдері жақсы, мөлдіреп тұр ғой. Соның көп өлеңдерін жатқа білемін. Қадырдікі  сосын.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов