Амандасу – жай ғана сәлемдесу рәсімі емес. Ол халықтың мәдениеті мен тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті көрсететін дәстүр. Мемлекет басшысының жаңа жүріс-тұрыс әдебіне қатысты пікіріне алматылық зиялы қауым өкілдері осылай пікір білдірді. Кеше Құрылтай сайлауынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде жаңа жүріс-тұрыс әдебі мен қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. «Құшақтасып, бет түйістіріп сүйіп амандасу қазақтың дәстүрі емес. Әсіресе, ер адамдардың осылай амандасуы ерсі көрінеді. Әйелдер мен ерлердің беттен сүйіп амандасқаны тіпті, жат қылық. Сондықтан қоғамдық мәдениетті қалыптастыру үшін амандасу әдебін күнделікті дағдыға айналдырған абзал»,-деген еді.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
-Өзіміздің ұлттық тәрбиеміз ұлттық құндылықтарды сақтайтын уақыт келді. Қазақ ұлтына үйдегі әке мен шешеге, әже мен атаға, кейінгі балаларға үлкен ой салуы керек. Біз тәрбиені сәлемнен бастауымыз керек. Сәлемнің этикасынан басталуы керек.
Құшақтасудың да жөні бар. Бұрын жылдап жырақта жүрген адамдар үйіне оралғанда ет жақындарымен осылай қауышқан. Қаламгерлердің пікірінше, амандасу - қарапайым әрекет боп көрінгенімен халықтың мәдениеті мен тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті білдіретін ғұрып.
Ғалым Қалибекұлы, жазушы:
- Біз зайырлы мемлекет болғаннан кейін біздің аман сәлемімімз ата-бабамыздың дәстүріне сай болуы керек деп ойлаймын. Ерте кезде біздің ата-балаларымыздың сәлемін сол қолын кеудесіне төсіне басып, басын изеп амандықты білдірген. Әйел адамдарға да басын изеп ізет білдіреді. Осы дәстүр баяғыдан келе жатқан дүние. Осыған көшуіміз керек. Бұл Президенттің бастамасы өте дұрыс. Қолдау керек.