Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттарды сайлау бойынша дауыс берудің қорытындыларын жариялады.
Сайлауда «Әділет» партиясы 71,17 пайыз үлеспен көш бастады. Одан кейінгі орында «Ауыл» партиясы. Аталған саяси ұйым 6,26 пайызды иеленген. Respublica партиясы 5,56 пайыз көрсеткішімен үштікте тұр. «Ақ жол» демократиялық партиясы – 5,21, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы – 5,11, ал Қазақстан Халық партиясы - 3,11% дауыс жинаған. «Байтақ» жасылдар партиясына сайлаушылардың 1,07% ғана дауыс берсе, «бәріне қарсымын» дегендердің үлесі 2,51% болып отыр.
Жексенбі күні өткен саяси науқанға сайлаушылар тізіміндегі 12 миллион 623 мыңнан астам адамның 74,08 пайызы қатысқан. Яғни 9 млн 351 мың 539 адам азаматтық ұстанымын білдірген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Партиядағы әріптестер, сіздерге айтарым, депутаттық мандаттарды бөлген кезде 3 санат өкілдерінің, нақты айтқанда әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығында партия қалған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Осыны ұмытпаңыздар. Сайлау туралы Конституциялық Заңның бұл талабы қатаң сақталуға тиіс. Оған біз қараймыз.