Шығысқазақстандық полиция қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында сақтық шараларын пысықтап, мыңнан астам рейд өткізді. Олар әсіресе, білім беру мекемелеріндегі бейнебақылау жүйесінің қаншалықты жұмыс істеп тұрғанын басты назарға алған. Сонымен қатар мектеп маңайынан өтетін автожолдарды тексеріп шықты. Тек жол белгілері бойынша түрлі кемшіліктерді анықтап, атқарушы орган өкілдеріне 150-ден астам ұсыным жолдаған. Өңірдегі білім ошақтары оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты дайын?
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын тәртіп сақшылары мектептерді жиі аралай бастады. Алдымен кіреберістегі өткізу терминалы тексерілуде. Өйткені бұл мекемеге – бөгде адамның кіруін шектейтін негізгі құрал. Полиция қызметкерлері балаларға қаншалықты қауіпсіз орта жасалғанына көз жеткізіп, бейнебақылау жүйесінің жұмысымен де танысты. Тамыздың ортасынан бері тәртіп сақшылары облыс бойынша 200-ден аса мектепті көріп шықты. Сонымен қатар маңайдағы жол белгілерін түгендеп, соған байланысты біршама кемшіліктерді анықтады.
Нұрлан Жарлығақов, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
- 150-ден астам ұсыным жегілікті атқарушы органдарға жіберілді, оның белгілі уақыттары болады, сол уақытта жойылады. Жол белгілері, белгінің бәрін орнатуға ұсыныс береміз. Кейбір мектептерде камера бойынша кемшіліктер анықталды.
Жаңа ықшамаудандағы бұл №48 білім ошағы тура жол бойында тұр. Маңында бағдаршам мен жүргіншілер жолағы бар. Дегенмен мектеп әкімшілігі әлі де қауіпсіздік күшейтілсе деген ниеттерін жеткізді.
Шынар Мажинова, №48 мектептің директоры:
- Біздің мектеп алдында тағы да қосымша балалар санының артуына орай, көп болғанынан тағы да жасанды жол кедергісі қажет деп есептейміз. Өйткені бала маңында мектеп көп.
Әрбір мектеп бейнебақылау жүйесімен қатар дабыл батырмасымен де қамтылған. Ол тетік басылса, экипаж жолға шықты дей беріңіз. Өйткені полиция департаменті білім ошақтарын онлайн бақылап, сақадай сай отыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Дабыл батырмасы басылған сәтте қажетті ақпарат бірден осы орталыққа түседі. Мұнда қаладағы 70-ке жуық мектеп алақандағыдай көрінеді. Әрбір білім беру ұйымындағы кемінде 15-20 бейнебақылау камерасы осы кешенге қосылған.
Білім беру мекемелері маңындағы жол белгілері мен сақтық құралдары толық жаңартылды. 1 қыркүйекке қарай қалаға ондаған оқушы макеті қойылады.
Сергей Коваленко, қалалық ПБ Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:
- Өскеменде тура жол үстінде 30 шақты мектеп тұр. Яғни балалар шыға сала үлкен көлік қозғалысына тап болады. Сондықтан белгілерді жаңартып, жасанды жол кедергілерін көбейттік. Жалпы балалардың қатысуымен болатын жол апаты былтырғымен салыстырғанда, 15,5 процентке азайды деуге болады.
Бұдан былай мектептердегі қауіпсіздік бұрынғыдан да күшейеді. Үкімет басшысының тапсырмасына сай жыл соңына дейін елдегі бүкіл мектептердегі бейнебақылау камералары Ішкі істер министрілігінің «Жедел басқару орталығына» қосылуы тиіс.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин