Қызылордада мектептер бақылауға алынды

  • 4
  • 25.08.2026, 19:47

Қызылорда облысында мектеп оқушыларының қауіпсіздігі күшейтілді. Білім ұяларындағы дабыл батырмалары мен бейнебақылау жүйесі Полицияның жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Ал мектеп алдындағы жолдарға ақылды камералар орнатылып жатыр. Жаңа оқу жылына дайындық барысын полиция қызметкерлері тексерді. 

Қызылорда облысында 320-дан астам мектеп бар. Барлық білім ұясы бейнебақылаумен жабдықталған. Камералар Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Мектептер дабыл батырмаларымен де жабдықталған. Полиция өкілдері олардың жұмысын тексерді. 

Нағашыбай Жалғасбаев, облыстық ПД бөлімінің бастығы:

- Жедел ден қою топтары 15 минут көлемінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында келуі тиіс болса, осы Қызылорда облысындағы үшінші гимназия мектебін зерделеу бағытында тиісті деңгейде қызметкерлер талаптарға сәйкес келді.

Жыл басынан бері өңірде 700-ге жуық жол апаты тіркелді. Салдарынан 266 бала жарақат алды. Қайғылы жағдай көбіне баланың жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуінен болады. Соған байланысты мектеп маңайындағы жол белгілері жаңартылуда.

Нұркен Бақтияров, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда 60 дана жол белгілері мен 29 жердің жасанды тегіс емес қондырғылары қайта қалпына келтірілсе, жаңадан 78 дана жол белгілері орнатылып, 110 жердегі жаяу жүргінші өткелдері үстіндегі таңбаларды жаңарту жұмыстары қазіргі таңда жүргізілуде. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Өңірде 25 бейнебақылау камерасы құқықбұзушылықты жасанды интеллект арқылы анықтайды. Ақылды жүйенің көбі мектеп алдына қойылған. «Алдағы уақытта жасанды зердеге негізделген өзге де қауіпсіздік жүйелері сынақтан өткізілмек», - дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин