Онда қаланың әсем таулары мен сәулет нысандары бейнеленген. Мамандар осылайша шаһардың дизайн-кодын қалыптастыруды көздейді. Бірақ бұл өзгерістер ешқандай белгісі жоқ, тозығы жеткен қақпақтарға ғана қатысты. Ал тарихы тереңде жатқан қақпақтар қажет болған жағдайда жаңғыртудан өтеді.
Ірі мегаполистегі жаңа инженерлік құдық қақпағы қоғамдық кеңістіктерден бастап, көшелер мен даңғылдарға кезең-кезеңімен орнатылуда. Олар сән үшін ғана емес, техникалық қызметін де атқаруы тиіс. Сондықтан жаңа брендтелген қақпақтың сапасы да жақсарыпты.
Аслан Қандығұлов, урбанистика орталығының директоры:
- Қала бойынша қарасақ, ескі көшелерде әлі де тозығы жеткен, ешқандай бренді жоқ люктер кездеседі. Уақыт өте келе олар тозатындықтан, жаңасына ауыстырылып жатыр. Ал тарихи маңызы бар люктер мен фонарьлар болса, олар қайта реставрациядан өткізіледі.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Әдетте қаламен жақынырақ танысу үшін музей аралап, тарихи орындарға бару керек деп ойлаймыз. Алайда шаһар тарихын күнделікті көшеден де көруге болады. Тіпті аяғымыздың астындағы кәріз қақпақтарының өзі шаһардың өткені мен бүгіні туралы сыр шертеді.
Алматының тарихын зерттеуші Евгения Морозованың айтуынша, шаһарда 100 жылдан астам тарихы бар қақпақтар аз емес. Себебі 1936-1940 жылдар аралығында қалада шамамен 39 шақырым инженерлік желі тартылған. Сондай көне қақпақтардың бірі Абай атындағы опера және балет театрының жанында жатыр.
Евгения Морозова, экскурсия жүргізуші:
- Бұл – тарихи қақпақ. Үстінде 1941 жыл деген белгі бар. Бұл – Алматыда жасалған алғашқы люктердің бірі. Оның бетінде қаламыздың символдары бейнеленген. Сондықтан бұл қала үшін өте құнды жәдігер саналады. 1941 жыл – театрымыздың кәріз жүйесіне қосылған кезеңі. Бір қарағанда, қарапайым ғана дүние сияқты көрінеді. Алайда бұл – қала тарихы үшін маңызды дерек.
Инженерлік құдық қақпақтарындағы әріптер де ерекше мәнге ие. Сол арқылы қақпақ астында не жатқанын білуге болады. Мысалы, «В», «ВД» және «ГВ» әріптері су құбырын білдіреді. «Г» мен «ПГ» гидрант бар екенін аңғартады. Ал «КК» әріптері кабельдік коммуникацияларға тиесілі.
- Осы белгілер арқылы қаладағы инженерлік инфрақұрылым қақпағының тарихы мен қолданылу мақсатын анықтауға болады. Бұдан бөлек, қақпақтың үстінде «Телефон» деген жазу және «НКС» деген қысқартылған белгі бар. Бұл – Байланыс халық комиссариаты дегенді білдіреді.
Көше бойындағы әрбір инженерлік құдық қақпағы қала тарихынан сыр шертеді. Олар қаланың инженерлік жүйесінің ғана емес, шаһар шежіресінің де бір бөлшегі.
Ернұр Рысбай, Кенже Амраев