Шымкентте газ құбыры қалпына келтірілді

  • 5
  • 25.08.2026, 19:42

Шымкентте апаттан кейінгі газ құбырын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қазір таңнан бері табиғи отынсыз отырған 1800-ден астам абонент пен 9 кәсіпорынды газға қосу жүріп жатыр. Бұл туралы «QazaqGaz Aimaq» мекемесінің өкілдері мәлімдеді.

Айта кетейік, өткен тәулікте жер қазу жұмыстарын жүргізген мердігерлер жоғары қысымды газ құбырын зақымдап, салдарынан өрт шыққан еді. Қызыл жалыннан жүк көлігінің кабинасы жанып кетті. Төтенше жағдайдан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Шығын көлемі есептеліп жатыр. 

Зауыт тұрақты жұмыс істеп тұр

Сондай-ақ қалада «KEGOC» компаниясының сыртқы электрмен жабдықтау көзі тарапынан электр кернеуі төмендеді. Осыдан кейін Шымкент мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғы жұмысы тоқтатылған. Қазір электрмен жабдықтау қайта қалпына келтіріліп, технологиялық қондырғыны іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

«ҚазМұнайГаздың» хабарлауынша, өндірістік нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оқиға мұнай өнімдерінің тәуліктік өндіру көлеміне әсер етпейді. 

Елдар Қуандықов, QazaqGaz Aimaq» филиалы өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары:

- Аталған оқиға орнына 18 тамыз күні филиал мамандары келген. Газ құбырының қорғау аймағын көрсеткен. Ерекше белгілеу мақсатында газ құбырының айналасында техникамен қазу жұмыстарының болмайтындығын, тек қана қолмен қазу жұмыстары жөнінде ескертілген. Алайда назарға алмай, мердігер мекеме көлбеу, бұрғылау жұмыстарын атқарған. Соның салдарынан апат орын алып отыр.