Жылыту маусымына дайындық: Үкімет өңірлердегі жағдайды талқылады

  • 6
  • 25.08.2026, 19:35

Экономикалық өсім, инфляцияны ырықтандыру, бюджет тапшылығын азайту секілді 2-3 жылдың жоспарлары және бір айдан соң үйде отырып, тоңып қалмаудың қамы сияқты мәселелер Үкімет отырысында қаралды. Геосаяси текетірестер әлем экономикасының өсімін тежеп тұр. Бірақ бізде қандай болмақ және расымен, күні ертең қос-қостан көрпе жамылып жатпаймыз ба? Жылыту маусымына дайындық қалай? 

Алдағы жылдардағы Халықаралық валюта қоры: «Келесі жылы әлемдік экономиканың өсуі 3,4 пайыз», - деп болжап отыр. Сарапшылар: «Геосаяси сын-қатерлер салдарынан халықаралық нарықта қара алтынның құны 70,3 долларға дейін төмендейді», - деп бағамдап қойған.

Біздің Үкімет мұнай бағасын барреліне 70 доллар деп негізге алып отыр. Тиісінше келесі жылдың макроэкономикалық көрсеткіштері қандай болмақ? – деген сұрақ туындайды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық нұсқасында Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5%-тен жоғары деңгейде болжануда. 2027 жылы 5.3, 2028 жылы 5.5, 2029 жылы 5,4. Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.

Жұманғарин мырза: «Ауылшаруашылығы әр жылы тұрақты түрде 5%-дан жоғары, құрылыс, көлік логистика, энергетика, су, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым салалары 2027 жылғы 16 пайыздан 29 жылы 17,3% дейін өсім береді», - дейді. Сол секілді сауда, қызмет көрсету, ақпарат және байланыс салалары да өседі деп болжанып отыр.

Айталық, сыртқы сауда. 2027 жылы экспорт 82,8 млрд долларға жетсе, 2029 жылға қарай ол 88,5 млрд долларға жетуі тиіс. Сол секілді импорт көлемі де өседі. 2027 жылы ол 80 млрд-ты еңсерсе, 29-жылы 88,4 млрд долларға жуықтайды. Инфляцияға келсек, келесі жылы ол 7,5, 9,5 жарым пайыз дәлізінде болжанса, 2029 жылға қарай бәсеңдеп, 6-8 пайызды құрауы тиіс.

«Елдің басты қаржы құжаты да назарда. 2029 жылы республикалық бюджеттің кірісі 23,5 трлн теңгеге жуықтап, тапшылық 0,4 пайызға төмендейді», - деп мәлімдеді Жұманғарин мырза. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері алдағы 3 жылда 70,6 млрд долларға жетуі тиіс. Жаман емес.

Күн тәртібіндегі екі мәселенің екіншісі – жылыту маусымына дайындық. Бұл бағытта негізгі жұмыстар еңсерілген, бірақ:

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Энергетикалық инфрақұрылымға биыл 384 млрд тг қаражат қарастырылған, бұл былтырға қарағанда 9 пайызға көп. Сол секілді биыл отын қоры да жеткілікті. Алайда әлі де дайын емес өңірлер мен қалалар бар. Әсіресе денсаулық сақтау және білім беру нысандарын жаңа маусымға даярлау ісінде көрсеткіштер төмен. Алматы мен Ақтөбе облыстарында ертең оқушылар тоңып жатса таңғалмаймыз. Ал Алматы қаласы мен Шымкенттегі денсаулық сақтау ұйымдарына қазірден тақым қысуға тура келеді. 

Алдағы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тонна. Былтыр ол 8 млн-нан көп еді, сұраныс елді газбен қамту жұмыстарына байланысты төмендеп отыр. Жылыту маусымы қарсаңындағы тәуекелдің бірі көмірді уақтылы жеткізу болса, енді бұл процесті ЖИ бақылайды.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Өңірлерді қатты отынмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін министрлік жасанды интеллект пен предиктивтік талдау элементтері енгізілген бірыңғай цифрлық платформа әзірледі. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагон арқылы жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторының қызметі және 1,2 миллионнан астам тұтынушы туралы мәлімет енгізілген.

Энергетика министрі отынмен қамту, жылу құбырларын жөндеу, жаңалау сияқты исі атқарылып жатқан жұмыстарды түгел жіпке тізді. Бірақ бұл бөрікті аспанға ата беруге болады деген сөз емес. Оған Үкіметбасының жалғыз сұрағы дәлел.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- 14 тамыз күні болған жағдайға қатысты тексеріс не көрсетті және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар.

Ерлан Ақкенженов оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын шешу мақсатында Алматы, Жамбыл және Түркістан облысындағы қуат көздерін қосу жұмыстарын алға тартты. Бірақ олар келесі жылы іске қосылатынын ескерсек, елді мекендердің қуат көзінен ажырап қалуы сиқты тәуекел сақталады деген сөз. Жылыту маусымына келсек. Елде 1300-ден астам шақырым жылу жеткізу желілері жөнделіп, 225 шақырым су бұру желілері жаңаланды. 15 мыңға жуық автономды қазандықтар мен оларға қажетті отын қорлары даярлануда.

Ерсайын Нағаспаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Білім беру саласындағы 10 913 нысанның 10 693-і, яғни 98%-ы жаңа оқу жылына дайындалды. Бұл ретте 8 өңірде 100 пайыздық дайындық көрсеткішіне қол жеткізілді. Жоспардан Алматы және Ақтөбе облыстары қалып отыр.

Денсаулық сақтау нысандарының дайындығы да 98%-ға жетті. Бүгінде 5 394 нысанның 5 281-і дайын. 6 өңірде нысандарды дайындау жұмыстары толық аяқталды. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында байқалады.

Үкімет басшысы биылдың өзінде энергия нысандарын жөндеп, жаңғыртуға 851 млрд теңге көзделгенін атап өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 60%-ға артық. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жоғарыда атап өткен 384 млрд теңге және бар. Дүниенің ақшасы бөлініп жатқанда жөндеу мерзімдерін ауыстыру, жұмыс қарқынын бәсеңдету және бөлінген қаражаттың игерілмеуіне жол бергендер жақсылық күтпесін деп шегеледі ол. 

Берік Дүйсенбай, Айбын Құсанбеков