Енді Таразда оқушылардың интернеттегі қауіпсіздігін жасанды зерде бақылайды. Қала прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Aimap Kids» жобасын іске қосты.
Жаңа жүйе интернеттегі ақпаратты талдап, балаларға төнуі мүмкін қауіптерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба әзірге Тараздағы 79 мектепті қамтып отыр. Жасанды зерде депрессия мен лудомания белгілерін де ерте анықтауға көмектеседі.
Прокуратура мәліметінше, өткен жылы өңірде үш жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. Биыл бір жасөспірім суицид жасаған.
Саламат Әбітбекова, қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры:
- Жүйе анықтаған мәліметтерді прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар балалармен профилактикалық жұмыс жүргізу үшін пайдаланады. Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.