Alatau City-де жалпы құны 6,9 миллиард доллар болатын 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен өткен жиында айтылды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде қалада 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазір PepsiCo және Sunny Paper кәсіпорындарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Сонымен қатар Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «Данафлекс» және G-Trans Service компанияларының өндірістік және логистикалық жобалары бойынша жұмыс басталып кетті. Қаланың флагмандық жобасы болып саналатын Iconic Complex құрылысына дайындық жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 330 гектар аумақта жалпы ауданы 5,3 миллион шаршы метрге тең нысандар салу үшін кешенді даму тұжырымдамасы әзірленді.
Alatau City-ге инвестиция тарту аясында KAIST филиалын ашу, жасыл энергетика, логистика және цифрлық инфрақұрылым бағыттарындағы жаңа жобалар пысықталуда.