Биыл бас жүлде Билял отбасына бұйырды. Алты бала тәрбиелеп отырған жанұя аудандық кезеңде де топ жарып, қалалық байқауға жолдама алған.
Салтанатты шараға аудандарда үздік атанған сегіз отбасы жиналды. Биыл Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 262 өтінім түскен. Байқауға бала тәрбиесімен қатар, кәсіппен айналысып, түрлі салада еңбек етіп жүрген үлгілі отбасылар қатысты.
Марат Қалимолдин, қалалық қоғам кеңесінің мүшесі:
- Қоғамда адамгершілік құндылықтар әлсіреп бара жатқан кезде осындай отбасылардың өмірі мен өнегесі қазіргі жас ұрпақ үшін өте қажет деп ойлаймын.
Биылғы қалалық кезеңнің бас жүлдесі Билял отбасына бұйырды. Алты бала тәрбиелеп отырған шаңырақта отағасы есепші болып еңбек етеді. Ал Жанар Сейілбекова қолөнермен айналысады.
Арман Билял, «Мерейлі Отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпазы:
- Бас жүлде алғанымызға отбасымызбен таңғалып жатырмыз. Байқауға шақырған кезде аудандық деңгейде жеңіп алдық деп ойлаған едік. Ал аудандардың ішінен бірінші орын алғанымызға қатты қуанып отырмыз.
Жанар Сейілбекова, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпазы:
- Төрт мезгілді бейнелейтін сырлы сырмақты 112 метрге дейін жеткізіп, оны Азия мен Африканың 103 мемлекеті қатысатын «Global Book of Records» рекордтар кітабына арнайы тіркеттік.
Енді бас жүлде иегерлері Астанада өтетін республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысады. Қалалық кезеңге жолдама алған барлық отбасыға диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.
Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев