Елімізде қуаттылығы 1 ГВт-қа дейін жететін ұлттық AI Hub қалыптасады. Яғни жасанды интеллект технологияларын дамытатын, зерттейтін, оқытатын экожүйе пайда болады.
Бұл жайлы Жасанды интеллект орталығында «Digital Qazaqstan» іс-қимыл жоспарының таныстырылымында мәлім болды. Ұшқышсыз технологиялар индустриясын және «Made in Qazaqstan» ұлттық спутниктік бағдарламасын дамыту жоспары да айтылды. Биыл Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері не өзгерді?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Технология қарыштап, нейрожелі желдей есіп тұрғанда заманға қарай адам бейімделе білгені жөн. Бұл ретте еліміз адам капиталына баса мән беріп отыр. 2028 жылға қарай мектептер мен жоғары оқу орындары түлектерінің 80%-ы жасанды интеллект бойынша базалық дағдыларға ие болады. 2029 жылға қарай медициналық ұйымдардың 95%-ы бірыңғай цифрлық ортаға қосылады. Демек, ауруды емдеуге бағытталған тәсілден қауіптердің алдын алуға және оларды ерте анықтауға негізделген модельге көшу көзделіп отыр.
«Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында ауылдардың 90%-дан астамы жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернетке қол жеткізеді. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар сапалы мобильді байланыспен қамтылады. Жасанды интеллект мемлекттік қызметтердің де қолжетімділігін арттырып отыр. Бүгінде еGov GPT ЖИ-көмекшісі сәтті жұмыс істеп тұр.
Әлібек Сайланбаев, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ЖИ жөніндегі басқарушы директоры:
- Егер еGov AI сұраққа жауап беретін болса еGov GPT тек жауап беріп қоймай, сіздің орныңызға іс-қимыл жасап, сізге бәрін дайындап береді. Егер еGov AI-да сіз психикалық дисрансерден анықтама керек деп айтсаңыз, ол сізге еGov-тағы сілтемені береді, осыны толтыр дейді. еGov GPT –да оны толтырып, сізге жасап береді. Сіз қол қойып, растауыңыз ғана керек болады.
Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:
- Мемлекеттік аппарат ведомстволық-функционалдық модельден жасанды интеллектке негізделген платформалық мемлекет моделіне көшеді. Мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесінің 30%-ы жасанды интеллект шешімдеріне беріледі. Олардың қатарында өтініштерді өңдеу, тапсырмалардың орындалуын бақылау бар. Осылайша 2029 жылға қарай мемлекеттік аппараттың өнімділігін кемінде 25%-ға арттыру көзделіп отыр.
Көлік секторында «Цифрлық көлік» ұлттық жобасы іске қосылады. Ол өткізу пункттерінен өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Smart Cargo бақылау жүйесі іске қосылады. ЖИ-көмекшілері бар Smart-фермалар мен Digital Agromarket сауда алаңы да құрылады. Бұл субсидия алушылардың жалпы өнім көлемін 3-5%-ға арттыруға бағытталған.
Бақтияр Мұхаметқалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Сіз мәселен, денсаулық сақтау ұйымына барсаңыз, сіздің денсаулыққа қатысты ғана ақпаратыңыз шығады, балаңызды мектепке берсеңіз, білім саласы жайлы мағлұматтар жинақталады. Үй сатсаңыз, жылымайтын мүлік жайлы мәліметтер аласыз. Енді міне, осының бәрі бір негізде болады. Яғни бір адамның түрлі саладағы мағлұматтары бір жерге жинақталады.
- Мамандар: «2029 жылға қарай халықтың 70%-ы «ақылды қала» жүйесі енгізілген өңірлерде тұрады», - деп отыр. Яғни аймақтағы оқиғаларға нейрожелі жедел әрекет етіп, құзырлы органдарға бірден сигнал жіберіп отырады. Бұл қылмыс деңгейін кемінде 10%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ экономика секторларын цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай ЖІӨ-ге жылына шамамен 1,5 пайыз үлес қоспақ.
Құралай Жұмахан, Руслан Тәуірше