Алматыда аймақтық травматология және ортопедия орталығы ашылды. Ол №4-ші қалалық клиникалық аурухана базасында жұмыс істейді. Орталық елдің оңтүстік өңірінің тұрғындарына көмек көрсетеді. Медициналық қызметті үйлестіріп, оның сапасын арттыруға ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, орталықты ашу жол-көлік оқиғаларының көптігімен тікелей байланысты. Елде жыл сайын жол апатынан 300 мыңнан астам адам түрлі жарақат алады. Орта есеппен тәулігіне 6 адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады. «Осыған байланысты травматологиялық көмекті барынша жедел көрсету маңызды», - дейді мамандар. Ал 4-ші қалалық клиникалық аурухана аумағында тікұшақ алаңы бар. Бұл ауыр жарақат алған науқастарды әуе көлігімен ауруханаға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Қабылдау бөлімінің жұмыс жүйесі де толық жаңартылған.
Олжас Бекарысов, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:
- Медицинада «алтын жарты сағат» деген қағида бар. Осы талап аясында жарақат алған науқасты шұғыл медициналық көмек көрсетілетін орталыққа жеткізуіміз керек. Біз көрген, жаңғыртылған және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл аурухана — жай ғана әдемі ғимарат емес. Мұнда қуатты материалдық-техникалық база, білікті мамандар және заманауи технологияларды меңгерген кәсіби дәрігерлер жұмыс істейді. Сондықтан бұл орталықтың нәтижесі де жоғары болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелері қуантады.