«Самұрық-Қазына» кірісін 12,5 триллион теңгеге жеткізді

  • 7
  • 27.08.2026, 19:33

Бүгін Премьер-министр «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Өндірістік және қаржылық көрсеткіштермен бірге отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.

Айталық сатып алу жүйесінде қазақстандық тауарларға басымдық беру, ұзақмерзімді шарттар жасасу, 30% міндетті аванс беру, жедел төлем тетіктері қамтылған 16-дан астам шара өткізілген. Жыл басынан бері ғылым мен инновацияларды дамыту бағытында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 13,9 миллиард теңге сомасында 55 жоба қарастырылған. Жетеуі жүзеге асты. «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, қордың қызметі және қолдау шаралары көрсеткіштерінің өсіп келе жатқанын атап өтті.

Мәселен, кірістер қаңтар-шілде айларында 12,5 триллион теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 5 пайыз артса, салықтық, аммортизациялық және тағы басқа шегерімдерге дейінгі табысы 3,4 триллион теңгеге жеткен. Мұнда да 7 пайыздық өсім бар. Ал қордың таза пайдасы 4 пайыз артып, 1,2 триллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ отандық өнім өндірушілермен келісімшарт жасасу 32 пайыз ұлғайып, 694 млрд теңгенің мәмілесі рәсімделді. Бұдан бөлек, 53 миллиард теңгеге жуық сомаға офтейк келісім-шарттар жасалған.