5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді

  • 9
  • 26.08.2026, 19:39

Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Мұндай зерттеу нәтижесін Teaching and Learning International Survey ұйымы жариялаған.

Ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, олардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ұстаздарды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатқанын айтады. Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл құжатқа толықтырулар енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. Сондай-ақ 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. 

Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз.

Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз.