Солтүстік Қазақстан облысында 1,4 млн тонна бидай бастырылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген соңғы мәлімет бойынша, қазір әр гектардан орташа есеппен 14,6 центнерден өнім түсіп жатыр. Өңірде орақ науқанын үйлестіру жөнінде жедел әрекет ету тобы құрылған. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн жұмылдырылыпты. Ал жаңа астықты 44 элеватор қабылдайды. Айта кету керек, биыл диқандар қауымына Үкіметтен егін шаруашылығын дамытуға 213 млрд теңге бөлінді.
Дәурен Тоққожынов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Күзгі дала жұмыстарын атқаруға Үкіметтен 61 мың тонна дизельді отын бөлінді. Оның бір литрі шаруаларға жеңілдетілген бағамен, яғни 309 теңгеден сатылады. Бұл нарықтық құнынан 30-40 пайызға арзан.
Ақмола облысында биыл егін түсімі жақсы. Гектарынан 40 центнерге дейін өніп алып жатқан шаруашылықтар бар. «Астықтың сапасы да көңілден шығады»,-дейді диқандар. Қазір аймақтағы егіс алқаптарының 34 пайызы жиналды. Қамбаға құйылған астық 2 млн.тонна. Күзгі жиын-терім науқанына 14 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Жалпы биыл өңірде 5,5 миллион гектардан астам алқапқа дән себілді. Егістікті әртараптандыруға байланысты соңғы үш жылда майлы дақылдардың алқабы 6 есеге ұлғайған. Шаруалар ауа райы қолайлы болса, орақ науқанын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Ренат Қасенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Элеваторларға түсіп жатқан бидайдың 70% жоғары сапалы бидай. Көрсеткіштерге қарағанда хайпро деген көрсеткішке келіп тұр. Бұл орташа центнерден гектардан алынып жатқан өнімге қарағанда кейбір аудандар да одан да жоғары өнімділік жүріп жатыр. Ол Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Бұланды аудандарында.