Шымкентте дәрігерлердің қауіпсіздігі күшейтілді

  • 9
  • 27.08.2026, 19:45

№1 қалалық емханаға тәулігіне 300-ге жуық адам жүгінеді.

Қабылдау бөліміндегі қарбалас кезінде ашуға беріліп, өзін ұстай алмай қалатындар да кездеседі. Медицина қызметкерлеріне күш көрсетудің алдын алу үшін мұнда ақылды бейнебақылау жүйесі іске қосылды.

Алмаз Байбеков, қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

- Жедел жәрдем қызметі болғандықтан түрлі жағдай кездеседі. Кейде адамдар эмоцияға беріліп, өзін ұстай алмай қалады. Біз мұндай жағдайға жеткізбеуге тырысамыз, түсіндіреміз. Ал бәрі бейнежазбаға тіркелетіндіктен бұл бізге біршама көмек.

Ақылды бейнекамералар қауіптің алғашқы белгілерін жылдам анықтайды. Күдікті әрекеттерді, қауіпті заттарды байқап іздеуде жүрген адамдарды да таниды. Бір қауіп төнсе жүйе полиция департаментінің жедел басқару орталығына автоматты түрде хабар береді.

Болат Бердібеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Жасанды интеллект дауыс көтерілгенін, агрессияны немесе жанжал белгілерін анықтаса монитор алдында отырған операторға бірден ескерту береді. Соған сәйкес мамандар жедел әрекет етіп, қажетті көмекті көрсетеді.

Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметіне де цифрлық жүйе енгізілді. Шақыртуға шығатын фельдшерлер арнайы бейнетіркегіштері бар бейжетондармен қамтамасыз етілді. Бұл науқаспен қарым-қатынас пен қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғылар SOS жүйесімен де жабдықталған.

Алмат Мырзабек, фельдшер:

- Бізге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Бейжетон кеуде тұсына бекітіледі, сондықтан қимыл-қозғалысқа кедергі келтірмейді. Жұмыс алгоритміне үйренген соң біреудің бақылап тұрғанын мүлде сезбейсің. Бар назарымыз науқаспен жұмысқа бағытталады. Науқастар да бейжетонды көргенде өзін сыпайы ұстайды.

Бейнетіркегіштері бар бейжетондар барлық жедел жәрдем бригадаларына берілді. Ал ақылды бейнебақылау жүйесі онға жуық медициналық ұйымға орнатылған. Жыл соңына дейін оны басқа да мекемелерге енгізу жоспарланып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов