Ақтөбе облысында туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Биыл Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасына» асфальт төселді. Қобда ауданындағы «Абат-Байтақ» кесенесіне де жол салынды.
Тарихи-мәдени ескерткішке бұған дейін тек жаз айларында қатынауға болатын еді. «Ақтөбе–Орал» тасжолынан 12 шақырым жерде орналасқан кесенеге жыл сайын мыңға жуық турист келеді. Осыған байланысты облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жол және қажетті инфрақұрылым жасалды.
Жарасқан Темірбаев, қобда аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Бұл жерде бұған дейін мүлде жол болмаған. Жолдың негізін көтеріп, үстіне С4 қиыршық тасын төседік. Кіреберіске және Абат-Байтақ кесенесінің маңындағы автотұраққа асфальт төселді. Жол белгілері мен су өткізетін құбырлар да орнатылды. Қазір көліктің қатынауына қолайлы.