Өңірдегі мыңнан астам әлеуметтік нысан алдағы жылу маусымына толық дайын болып отыр.
Мамандар жылу желілері мен бу қазандықтарын тексеріп шыққан. Тозығы жеткен құбырлар мен жабдықтар жаңартылып жатыр.
Тахир Нәдірбек, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Жылу көздері мен жылу желілерін жаңғыртуға 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 8,7 шақырым жылу желісін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жылу электр орталығындағы бірінші және екінші газ турбиналық қондырғыларға күрделі жөндеу жасалады. Бұдан бөлек 1,3 шақырым жылу желісі жаңартылып, бір қазандық, бір турбина және қаладағы 10 автономды қазандық жаңғыртылады.
Өңірде 10 мың шақырымнан астам электр желісі мен 2 мыңнан астам қосалқы станция бар. Оның шамамен 60% тозған. Қысқы аяз кезінде ақау болмас үшін электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқын алды.
Шалқар Рахышев, электрмен жабдықтау мекемесінің бас инженері:
- 54 шақырым әуе желісі мен 57 қосалқы станция жөндеуден өтті. Арал мен Жаңақорған аудандары арасындағы электр қондырғылары, қосалқы станциялар мен әуе желілерінің қысқа дайындығы 100% орындалды. Қазір нысандар жылу маусымына дайын деп айта аламыз.
Биыл Қызылорда қаласы толықтай жаңа жылу-электр станциясының қуатына көшеді. Заманауи нысан сағатына 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу өндіруге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, станция барлық сынақтан өтіп, алдағы жылу маусымына толық дайын болып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин