Абай облысында Семей полигоны зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр

  • 10
  • 28.08.2026, 19:36

29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні.

Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл. Атом сынақтарының салдарын жою мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір Абай облысында полигон аумағын зерттеу, жердің қауіпсіздігін бағалау және тұрғындарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жалғасып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, ядролық сынақтардың табиғат пен адамға әсерін толық жою үшін әлі талай уақыт қажет. 

Ядролық сынақтардың адам денсаулығына әсерін зерттеу жұмыстары ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Семейдегі Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты полигон зардабын тартқан тұрғындарды бақылауда ұстайды. Мұнда 2002 жылдан бері 375 мыңнан астам адам радиация әсеріне ұшырағандар ретінде тіркелген. Мамандар олардың арасында кейбір аурулардың жиірек кездесетінін айтады.

Гүлнәр Әжмұратова, Радиациялық  медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Көбі қатерлі ісік аурулар дертіне шалдыққан. Олар: өкпе және бронхит, әйел адамдарда омырау қатерлі ісігі, және бас пен көздің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны екі есе көп болып тұр.

Қазір институтта тұрғындарға диагностикадан бастап ем қабылдауға дейінгі кешенді медициналық көмек көрсетіледі. Соңғы 20 жылда, мұнда 706 мыңнан астам адам тексерілген. Қажет болған жағдайда науқастар стационарлық ем алады. Ал күрделі онкологиялық ауруларды емдеу үшін Семейде ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Мұнда заманауи медициналық технологиялар қолданылады.

Бүгінде облыста 22 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Солардың бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған Абилитация және оңалту орталығы. Нысан Президент тапсырмасымен салынған. Мұнда бір мезетте 150 адам медициналық, әлеуметтік және педагогикалық қызмет ала алады. Орталыққа полигоннан зардап шеккен азаматтар да келеді.

 Құмарбек Дауытов, емделуші:

- Мекеме ашылғалы жыл сайын осында келемін. Ең аз дегенде 3 ай емделемін. Бұл жерде жақсы қызмет көрсетеді. Неше түрлі аппараттардың бәрін де қолданады.

Полигон аумағының өзінде де өзгерістер бар. Бұрынғы Семей сынақ полигоны Абай, Қарағанды және Павлодар өңірлерінің аумағын қамтиды. Жалпы жер көлемі 1,8 млн гектар, соның 1 млн бөлігі Абай облысы құрамына кіреді.

Ұлттық ядролық орталық мамандары бірнеше жыл бойы аумаққа зерттеу жүргізді. Мамандар жердің радиациялық жағдайын бағалап, қауіпсіз және пайдалануға жарамды аумақтарды картаға түсірді. Зерттеу нәтижесінде 472 мың гектар жер шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамды деп танылды. Бұл аумақ биыл сәуір айында облыстың қарауына берілді. 

 Әнуар Бейсенов, Сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта 1996-1998 жылдары берілген жерлер бар. Ол жақта 13 жер учаскесі қазір шаруа қожалықтарында лас аумақ ретінде тіркелген. Осы 13 жер учаскесін, 8 шаруа қожалығының жерін біз таза аумаққа кіргізетін боламыз.

Қазір қауіпсіз аумақтарды нақты белгілеу және олардың шекарасын айқындау жоспарланып жатыр. Ол үшін радиациялық тұрғыдан ластанған және таза жерлердің арасы жасанды орман алқаптары арқылы бөлінеді. Семей полигоны жабылғанына 35 жыл өтсе де, оның зардабын жою жұмыстары әлі жалғасып келеді.

Авторы: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков