Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр.
Бұл өскелең ұрпақтың қолайлы және қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін жасалуда. Мемлекет басшысы бұл мәселеге таяуда өткен тамыз конференциясында арнайы тоқталған еді. Қазір әлемнің көптеген елінде жеткіншектердің желіге кіруіне рұқсат беру жасы белгіленіп жатыр. Президент өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі үшін мұндай шектеудің енгізілуін қолдайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек. Себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес, энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.
Индира Рыстина, саясаттанушы:
- Жалпы онлайн ортада балаларға қауіп көп, кішкентай бала әлі ненің дұрыс екенін түсінбеген кезде бақылау жүргізу керек деп ойлаймын. Осы бағыттағы жұмыс балалардың цифрлық ортадағы жұмысын шектемейді. Керісінше, осы бағытта оларға қай қосымша қолдану керектігін көрсетеді.