Алматыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақындады

  • 4
  • 08.09.2026, 18:39

Алматыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақындады. Биыл қалада 21 шақырымнан астам жылу желісін жаңғырту жоспарланды. Қазандықтар қысқа қаншалықты дайын? 

Алматыдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1409 шақырымнан асады. Оның жартысынан астамы тозған. Дегенмен, ескірген инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мәселен, 2022-2025 жылдары 76 шақырым жылу желісі жаңғыртылған. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 5 пайызға төмендеген.

Дмитрий Волох, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас инженерінің орынбасары:

- Қазір желілерді қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Жоспарланған 21 шақырым желідегі жөндеу жұмыстарының 90% орындалды. Қазір қазылған жерлерді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мегаполисті жылумен қамтитын 87 қазандық бар. Оның 9-ы ірі, 78-і шағын. Биыл барлық қазандықтың негізгі және қосалқы жабдықтарына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Жауапты кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, нысандар қысқы кезеңге дайын болып отыр.

Павел Леденцов, «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бас инженері:

- Біз қазір қаладағы ең ірі «Орбита» қазандығында тұрмыз. Ол сағатына 500 гигакалория жылу өндіреді. Мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаладағы 87 қазандықтың жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бастап, 26 тамызда аяқтадық.

Бүгінде мамандар жылу желілерінің беріктігін гидравликалық сынақтан өткізіп жатыр. Жұмыс төрт кезеңнен тұрады. Қазір соңғы кезеңі басталды. Барлық сынақ 1 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланды.

Авторы:Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев, Алматы.