Қарағандыда жылу желілерінің 60% тозған. Соның салдарынан ескі құбырларда апат жиі болады. Биыл облыста 12 шақырымнан астам жылу желісін жаңғырту жоспарланды. Жалпы өңірде 45 қазандық пен жылу тарататын 557 автономды нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кеншілер даңғылындағы мына көпқабатты үй жылыту маусымына дайын, тұрғындар өткен маусым аяқталысымен дайындық жұмыстарына кіріскен. Жаз бойы жертөледегі құбырларды жөндеп, есептегіш құралдарды тексерді. Владимир Крючков тоғыз подъезді үйдің құбыр желісіне жауапты маман, оның айтуынша жылумен жабдықтаушы компания дайындық паспортын берген екен.
Владимир Крючков, слесарь:
- Барлығы дайын, құбыр жүйесі жуылып, лай ұстағыштар тазартылды. Сондай-ақ бұрынғы бұрандалар шарлы крандарға ауыстырылды. Енді үйге жылу тарататын құбырларды жеке-жеке жабуға болады. Бұл қандай да бір жөндеу жұмыстары жүргізілгенде ыңғайлы, біздің үйде дайындық жұмыстары шілде айында толық аяқталды.
Облыс бойынша қазір 6068 көпқабатты үй мен 1116 әлеуметтік нысанның жылыту маусымына дайындығы пысықталып жатыр. Сала мамандары «Ал жылу көздеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары да жақында аяқталады», - дейді.
Малика Омарова, энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
- Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық соңғы кезеңде тұр. Дайындық деңгейі 99,6% құрайды. Жалпы 602 жылу көзінің дайындығы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 45 қазандық пен 557 автономды жылыту жүйесі бар. Сонымен қатар 1374 шақырым инженерлік желіде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыстағы инженерлік жылу желілерінің 60%пайызы тозған. Биыл ұзындығы 12,3 шақырым құбырды ауыстыру үшін 8 жоба әзірленді. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, Теміртауда ескі жылу магистралі жаңғыртылуда. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген желіде соңғы бес жылда 38 рет ірі-ұсақ апат болған. Қарағандыда да жарты ғасыр бұрын тартылған екі ірі магистраль жаңғыртылып жатыр.
Марат Оралбаев, Мердігер компанияның менеджері:
- 25 қыркүйекке дейін технологиялық жұмыстарды аяқтаймыз. Біріншіден, қолданыстағы трассаның диаметрі 630 миллиметр болатын. Қазір 800, 700, ал ең кіші диаметрі 530 миллиметр болатын құбырлар жүргізіліп жатыр. Яғни қолданыстағы құбырлардың диаметрі ұлғайып отыр. Сәйкесінше, өткізу қабілеті де артады.
Облыста жылыту маусымы 1-15 қазан аралығында басталады. Нақты мерзім ауа райы мен өңірлердің ерекшелігіне қарай белгіленіп, жылу кезең-кезеңімен беріледі.
Айта кетейік, жылыту маусымында облысқа 7,3 млн тоннадан астам көмір қажет. Энергетикалық станциялар отын жеткізуге қажетті келісімшарттарды жасасқан. Жауаптылар «Сондықтан қатты отын уақытында жеткізіледі»,- дейді.