Қостанай облысының Денисов ауданында дала өрті өршіп тұр. Антоновка және Георгиевка ауылдарында бірнеше үй, қора-жайлар мен 1 автокөлік жанып кетті. Мал шығыны да бар, кешеден бері 11 шақырту түскен. Тілсіз жауды сөндіруге Қостанай, Жітіқара, Рудный, Лисаковск қаласы мен Тобыл станциясынан Төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды. Қызыл жалын қайта тұтанбас үшін алдын алу шаралары күшейтілді. Лаулаған отты сөндіруге жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер де көмектесті. Ауылдықтар қолда бар техникасын беріп өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіпті. Мамандардың айтуынша, өрттің тез таралуына аптап ыстық пен құрғақ жел себеп болды.
Ідіріс Тәкенов , облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығы:
- Өртті сөндіруге: Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, «Ауыл құтқарушылары» бөлімшелері, сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиаспас» күштері жұмылдырылды. Өрттің жалпы аумағы 850 гектар өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.