Атырау облысының шаруалары қыста мал жейтін 600 мың тонна пішенді орып, қыстақтарға тасып жатыр. Шабылған шөптің жартысын қораларға жинап үлгерді. Былтыр өңірде қыс созылып, Исатай ауданында төрт-түлік жұтқа ұшырай жаздаған еді. Ақпанда жем-шөп таусылып, өзге өңірлерден тасуға мәжбүр болды. Исатай мен Құрманғазы аудандарындағы шабындықтың көбі Каспий теңізінің жағасында, соңғы жылдары теңіз тартылып, шөптің шығымы төмен болып тұр.
Исатай ауданында 25 бригада шөпті орып болып, қыстақтарға тасып жатыр. Биылға қажетті 91 мың тонна пішеннің жартысына жуығын жинап алды. Мұндағы шабын алқаптары негізінен Каспий теңізінің жағасында, теңіздің тартылуы себепті шөптің түсімі жылдан жылға нашарлап барады.
Шахидолла Шамұратов , шаруашылық жетекшісі:
- Шөп теңізге байланысты өседі. Теңіз тартылып бара жатыр. Қатты көп ақтамайды. Бірақ малға азық керек болғандықтан пішен шауып жатырмыз.
Бұл жағдай Құрманғазы ауданына да тән, олар өздеріне қажетті мал азығын 300 шақырым қашықтықтағы Азғыр аймағында дайындап жатыр. Биылға жоспарланған 189 мың тонна пішеннің 57% қыстақтарға жеткізілді.
Асқар Мұфтахов, Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Азғыр өңірінде биыл көктем мезгілінде жауын-шашын жақсы, тамаша түсті. Аудан бойынша дайындалатын мал азығының 37% Азғыр өңірінде дайындалады. Қазіргі кезде ол жерде 20 бригада жұмыс істеп жатыр. Өздеріне қажетті мал азығын күні бүгінге 76% дайындап үлгерді.
Жалпы облыс бойынша алдағы қысқа 600 мың тоннадай ірі сабақты мал азығынан бөлек 4 мың тоннаға жуық сүрлем және 46 мың тонна құрама жем дайындалуы тиіс. Бұған 750-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен 1 мыңнан астам адам тартылды. Науқанды қазан айының аяғында аяқтау көзделіп отыр.
Авторы:Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин