Қызылорда облысында күріш орағы басталды

  • 6
  • 10.09.2026, 18:38

Өңірде 193 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілсе, оның 70 мың гектары күріш. Жылда болатын су тапшылығына байланысты биыл ақмаржан алқабының 10 мың гектары қысқартылған. Шаруалар суды көп қажет етпейтін дақыл түрлерін көбейтіп, су үнемдеу технологияларын жаппай енгізіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында айтқанындай: «Су еліміз үшін стратегиялық ресурс».

Қаратөбе ауылындағы диқандар биыл отандық «Сыр сұлуы» сортын екті. Бұл - ерте пісетін күріш.  Өнімнің шығымы жақсы. Соңғы жылдары өңірде су тапшылығына байланысты шаруалар егінді әртараптандыруға көшті.

Құлмағанбет Исаханов, шаруа қожалығының төрағасы:

- 155 гектар жерге күріш егілді. Әртараптандыруға байланысты жүгері, мақсары, тары, көкөніс, асқабақ та бар. Біраз дақыл еккенбіз, бәрінің бітімі де, жалпы жағдайы да жақсы. Құдай қаласа, орақ басталып, қазір егінді орып жатырмыз.

Сырдария өзенінің аяқ жағында орналасқан Қазалы ауданының диқандары үшін егінге су жеткізу қашаннан өзекті мәселе. Биыл ауданда 12 мың гектардан астам егін егілді. Оның ішінде 2,5 мың гектары күріш. «Жерді лазермен тегістеу және тіршілік нәрін үнемдеу шараларының арқасында өнім көлемі ойдағыдай болды», - дейді мамандар.

Еркін Сейітов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Су тапшылығы болатындығы ескертілді, дегенмен де осы суды көп қажет ететін өнімдерді азайтып, аз суаратын дақылдар егілгенінің арқасында осы су жеткілікті болды. Жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісімен қазіргі уақытта егін егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл енді 1500 гектарға дейін жеткізіп отырмыз. Былтыр 1200 гектар болған.

Бүгінде өңірдің барлық ауданында күріш орылып жатыр. Диқандар ел ырысын жауан-шашынға қалдырмай жинап алу үшін тынымсыз тер төгуде. 

Асылжан Жарылқасынов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- 193 мың 500 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күрішті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтырғы жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға қысқартып, 70 мың гектарға орналастырдық. Күріш жинау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сәйкес, ауа райы қолайлы болған жағдайда, осы қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, еліміздегі күріштің 90 пайызы Сыр өңірінде егіледі. Өнімнің 40 пайызы эспортталады. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев