Шығысқазақстандық омарташылар: «Күн райының құбылмалы болуына қарамастан, биыл экспорт қарқынын төмендетпейміз», - деп отыр. Алтай балы әдеттегідей Қытай, АҚШ, Францияға жөнелтіледі. Омарташылар үшін қазіргі уақыт нағыз қарбалас. Олар соңғы жиналған өнімді ыдыстарға құйып, қыстың қамына кіріскен.
Алексей Липин ара шаруашылығымен 20 жылға жуық айналысады. Талай жерде омарта ұстап, соңғы кезде орман ортасына тұрақтаған. Таң атысымен ұяларды аралап шығады. Гуілдеген дыбысынан-ақ жай-күйін бағамдай алады.
Мамыр соңында өлкеде суық жүрді, ал шілдеде шіліңгір ыстық тұрып алды. «Бұл екі кезең де араларға ауыр тиді», - дейді мамандар. Себебі суықта шырын азайып кетсе, аптапта гүл-өсімдік қурап кетті. Десе де, еңбекқор жәндіктер омарташыларды құр алақан қалдырмаған.
Алексей Липин, омарташы:
- Біздің өлке шырынды өсімдіктерге бай. Климат қиын болса да, аралар балсыз қалмайды. Қыс таяп қалды. Соңғы өнімді жинап жатырмыз. Көпшілік омарташы қыста демалады деп ойлайды. Алайда біз қыс бойы келесі маусымға дайындаламыз. Ұялар мен жабдықтарды жаңартамыз.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Омарташылардың өз міндеті болса, мұндағы әрбір ара тобының өз міндеті бар. Мәселен, жас аралар таңнан кешке дейін тәтті жинаумен айналысып, жанталасады. Орта жастағы аралар ұяда қалып күзетіп, осындағы шаруаларды реттейді, ал кәрі аралар басқаларына тірлікті үйретіп, кейді тіпті өздері дайын тұрған, төгіліп қалған балды аяға тасып әкеледі екен.
Шаруа әр ұядан 30 келідей бал жинауды көздейді. «Жалпы облыс бойынша бал өнімінің көлемі былтырғыдан кем түспейді», - дейді сарапшылар. Өткен жылы 3 мың тоннаға жуық тәтті жиналған. Жыл сайын экспорт көлемі артып, географиясы кеңейіп келеді.
Валерий Қасымбаев, Республикалық омарташылар қауымдастығының төрағасы:
- Маусым толық аяқталмаса да биылғы өнімді жинап, қаптай бастадық. Әр ұядан шамамен 50-60 келі бал алынады. Келісімшарт бойынша Қытайға 22 тонна, он жылдан бері әріптестігіміз үзілмеген АҚШ-қа 40 тонна жібергелі отырмыз. Франциядан да сұраныс бар. Чехия, Сербиямен де келісім жасалды. Шетел Алтай балын жоғары бағалайды.
Осы қарқыннан таймаса, «Алтай балы» бренді алты құрлыққа танымал болары сөзсіз. Айтпақшы, елдегі тауарлы балдың 70 проценті Шығыс Қазақстанда өндіріледі.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов