Әлеуметтік төлемдер оңтайландырылады

  • 7
  • 10.09.2026, 18:46

Елімізде келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы беру кезінде мұқтаж азаматтың өзі ғана емес, отбасындағы барлық кәмелетке толған адамдардың материалдық жағдайы есепке алынады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылайша мемлекеттік көмектің нағыз мұқтаж жандарға үлестірілуін қамтамасыз етеміз, - деп отыр.

Әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру үшін министрлік ең алдымен отбасылардың жағдайына зерттеу жүргізіп, оларды күнкөріс деңгейі бойынша 5 санатқа бөлген. Мәселен, әл-ауқаты жоғары деп есептелетін «А» санатына қазір атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 92 отбасы кірсе, «қамтамасыз етілген» деген «Б» санатына 5 мыңдай отбасы еніп отыр. Міне, осылар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті ала алмайды. Ал қалған «С», «Д», «Е» санаттарына жататын азаматтар жәрдемақыны бұрынғыша ала береді. 

Айнұр Әбдірахманова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры:

- Мысал келтірейік. Бір отбасы бар: әкесі, анасы және төрт баласы. Әкесі уақытша жұмыссыз, анасы бала күтіміне байланысты демалыста делік. Отбасының елеулі мүлкі жоқ, жан басына шаққандағы табысы төмен. Көрсеткіштерінің жиынтығы бойынша бұл отбасы саламаттылықтың осал деңгейіне жатады. Мұндай отбасы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны ала алады. Сондай-ақ, жан басына шаққандағы табысы кедейлік деңгейінен аспаса, атаулы әлеуметтік көмекке де құқылы болуы мүмкін. Ал екінші отбасын алайық. Әкесі, анасы және төрт баласы бар. Ата-анасының екеуі де тұрақты әрі жоғары табыс табады. Отбасының баспанасы, бірнеше автокөлігі және басқа да мүлкі бар. Оңтайландыру шеңберінде 2027 жылдан бастап мұқтаждықты бағалауға байланысты болатын жекелеген қолдау шараларын алмайды.

Ал отбасының жағдайы өзгеріп жатса, олардың әлеуметтік санаты да өзгереді. Жауаптылар: «Бастысы баспана, көлік, жұмыс және қосымша табыс секілді мәліметтің барлығы мемлекеттік ақпараттық жүйелерде нақты қазіргі жағдай бойынша дұрыс көрсетілгенін азаматтар өздері қадағаласа», - дейді. Себебі отбасы санатын анықтау базада бар мәліметтердің негізінде автоматты түрде жүргізіледі. 

Айнұр Әбдірахманова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры:

- Егер азамат табысы, отбасы құрамы, мүлкі немесе өзге де мән-жайлар дұрыс көрсетілмеген деп есептесе, тиісті органдарға жүгініп, мәліметтерді белгіленген тәртіппен өзектендіруі қажет. Мысалы, өрттен кейін жойылған жылжымайтын мүлік обьектісіне құқықтық тоқталуын рәсімдеу, ал қалпына келмейтін көлікті белгіленген тәртіппен есептен шығару қажет. 

Жалпы елімізде қазына шығыстарының жартысынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады. Ал оңтайландыру есебінен Үкімет 800 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуді көздеп отыр. 

Әсия Құрманқұлова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары:

- Егер біз мемлекеттік көмек көрсету саласында 10-20 жылға алға қарайтын болсақ, төлемдер тұрақты ғана емес, әділетті де болуы тиіс. Сондықтан біз қарапайым төлеу жүйесінен гөрі барлық жағдайды ескеретін және тек мұқтаждарды қамтитын әділ жүйеге көшуіміз қажет. 

Бірақ бұл әлеуметтік көмек түрлері қысқарады немесе мүлдем төленбейді деген нәрсе емес. «Тіпті үнемделген қаржы басқа салаларға кетпейді, әлеуметтік саланың өзінде қалады», - дейді, жауаптылар. Нақтырақ айтсақ, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, спорт және мәдениетті қаржыландыруға қайта бөлінбек.

Дамир Берікұлы