Заң жобалары үш оқылымда қаралатын болады

  • 9
  • 10.09.2026, 18:32

Енді заң жобалары үш оқылымда қаралатын болады. Құрылтай депутаттары жаңа бірпалаталы Парламенттің жұмыс тәртібін айқындайтын регламентті қабылдады. Құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады. Әр сессия жыл сайын - қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін жалғасады. Ашықтық үшін Құрылтай отырысы тікелей эфир арқылы көрсетіледі. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Бекітілген Құрылтай регламентінде оның жұмыс тәртібі де нақтыланған. Жалпы отырыстар сәрсенбі және бейсенбі күндері өткізіледі. Ал тыңдаулар – жұма, Үкімет сағаттары – дүйсенбіге жоспарланыпты. Жиындар заңды деп танылуы үшін депутаттар санының кемінде үштен екісі қатысуы тиіс.

Енді депутаттар қарауына ұсынылған заң жобалары міндетті түрде үш оқылымнан өтеді. Дегенмен халықаралық шарттар мен ратификациялар екі оқылымда қаралады. Жобада депутаттардың, комитеттердің және фракциялардың түзетулер енгізу тәртібі, салыстырма кестелерді дайындау сияқты рәсімдер де белгіленген. Сонымен қатар депутаттардың тұрғындармен кездесу тәртібі де айқындалған.

Снежанна Имашева, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заңдарға түзетулер әзірлеу, сайлаушылармен жұмыс істеу сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай шығулар әр сессияда кемінде екі рет жүзеге асырылуға тиіс.

Депутаттық сауал институты күшейтілді

Депутаттық сауал институты күшейтіліп, Үкімет мүшелері мен әкімдердің сауалдарға бір ай ішінде жауап беру міндеті бекітіліпті. Негізгі мәселе қаралған соң депутаттар жауаптыларға сауалдарын жолдады.

Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу мәселесін көтерді. Телефонға әуестік баланың зейінін нашарлатып, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдыларын әлсіретуде. Жыл сайын олардың кітап оқып, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасқа бөлінетін уақыты қысқаруда.

Жанарбек Әшімжанов, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Қазақстандағы 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11-12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелген. Ал балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз.

Депутат Жарқынбек Амантайұлы да өз сауалында әлеуметтік желілер мәселесін көтерді. Ол тікелей эфирлер арқылы жүзеге асатын балағаттау, қорлау, адамның ар-намысына тиетін контент иелеріне қатаң шаралар қолдануды ұсынды.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Әлеуметтік желілер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады, адамды мазақ етеді, қорлайды. Тікелей эфирде анайы әрекетке бару да жиілей түскен. Ал мұны бір уақытта түрлі жастағы мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін. Құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді сұраймыз.

Депутаттар сондай-ақ жанармай сапасы, білім беру, тұрғын үй, қаржы саласындағы мәселелерді де көтерді.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин