Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру туралы тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Е-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде медицинадағы 21 мыңнан астам ұйым, 221 мың техника мен 257 мың қызметкердің деректері цифрланды. Бақылауды күшейту арқылы 31 млрд теңге көлеміндегі шығыстар үнемделді. Сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда.
Саладағы 12 жүйенің жетеуі біріктірілген. Цифрлық бақылау көмегімен медициналық 38 ұйымда лицензияның жоқтығы анықталды. 27 ұйымның қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ көлік құралдарын басқаруға денсаулығы жарамайтын азаматтар анықталған. Бүгінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды. Дәрігерге онлайн жазылу көрсеткіші артқан. Бұл қызметті 5 миллион 600 мың адам пайдаланған. Тегін дәрілерді саудалаған ұйымдар да тексеріліп жатыр.
Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Мың сан ақпараттық жүйе орнына бір экожүйе жасалып жатыр. Бұл Е-Densaulyq. Оның 7 компоненті бар. Оның 5-еуі бүгінде қосылды, жұмыс істеп жатыр. Екеуі жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отыр.