Осы күзде Астанадан 1,5 мыңға жуық бозбала мерзімді әскери қызметке аттанады. Елордадағы «Жастар» сарайында оларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының 700-ден астам оқушысы мен тәрбиеленушісі қатысты. Бұдан бөлек, әскери техника, қару-жарақ пен әскери киім үлгілерінің көрмесі де ұйымдастырылды. «Акцияның негізгі мақсаты – әскери қызметтің беделін арттыру», - дейді жауаптылар.
Айта кетейік, 1,5 мыңға жуық әскерге шақырылушының 190-ы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің қатарын толықтырады.
Дамир Қутайлақов, әскерге шақырылушы:
- Көпсалалы колледжді бітірдім өзім. Құрылыс бойынша қызыл диплом алдым. Менің ойымша, әр ер азамат 18-ге толғаннан кейін бару керек. Басында тек армия өтемін деп ойладым. Енді Алла жазса, контрактімен қалам деп ойлаймын.
Руслан Балтеміров, Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бастығы:
- Мысал ретінде айта кетсек, былтыр Шекара қызметіне 200-ге жуық бала аттанған болса, бүгінде соның 35 пайызы сол жерде келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып жатыр. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен әлеуметтік көмек пакетін пайдалана отырып, жастарымыздың өзіміздің Қарулы Күштеріміздің қатарын толықтырып жатқанының айқын көрінісі. Бұл – өте қуантарлық жағдай.