«Жасанды интеллектіні дамыту бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны. Қазір дамудың кілті техника мен озық технологияға негізделген. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні негізгі салаларға белсенді түрде енгізіп отыр. Қазірдің өзінде тиімділігін анық байқатқанын көріп отырмыз.
Енді еліміздегі мемлекеттік аппарат ведомстволық модельден жасанды интеллектке негізделген платформалық мемлекет моделіне көшеді. Демек мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі азаяды. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін кемінде екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Іске асыру жұмыстарын Премьер-министр жанындағы Цифрлық штаб пен Project Management Office үйлестіреді.
Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:
- Мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесінің 30%-ы жасанды интеллект шешімдеріне беріледі. Олардың қатарында өтініштерді өңдеу, тапсырмалардың орындалуын бақылау бар. Осылайша 2029 жылға қарай мемлекеттік аппараттың өнімділігін кемінде 25%-ға арттыру көзделіп отыр.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Өткен жылы жаһандық ЖИ нарығындағы қаржы айналымы 244 миллиард доллар болса, биыл бұл көрсеткіш 312 миллиард долларға дейін жетеді деген болжам бар. Ал экономистер жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік экономикаға 15,7 триллион доллардан аса табыс әкелуі мүмкін екенін айтады. Еліміз де әлемдік алыптардан қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, былтыр Astana Hub-тағы стартапшылар 328 млрд теңгенің цифрлық қызметтерін экспорттаған.
Бүгінде еліміз ЖИ дайындық индексі бойынша көш бастап тұр. Мамандар: «Өнеркәсіпті, жер қойнауын, логистика мен энергетиканы цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай жылына 1,5 пайыз ЖІӨ-ге үлес қосады», - деп отыр. Жасанды интеллект еліміздегі медицина саласына да енгізілді.
Түнеугүні Астанада робот-асистент көмегімен 2 адамның тізе буынына күрделі ота жасалды. Сондай-ақ диагностикада да жасанды интеллекті кеңінен қолданылып отыр. Радиологиялық зерттеулер қазірдің өзінде өкпе мен сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауда. Осылайша ЖИ скрининг уақытын 30 күннен 3 күнге дейін қысқартты.
Ерлан Жәнібеков, IT компания өкілі:
- Сүт безі обырын анықтау 32%-ға дейін өсті, скринингтік бағдарламаларды жүргізу мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарды. Зерттеулер саны 4 есеге өсті, ал радиологтың бір зерттеуге жұмсайтын жұмыс уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды.
Мейрам Құсайынов, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Эндоскопия департаментінің басшысы:
- ЖИ көмегімен бөгде дене анықталғаннан кейін эндоскопист дәрігер биопсия алу немесе бөгде денені жою қажеттігі туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл тәсіл бөгде дененің одан әрі дамып, қатерлі ісікке айналуына жол бермей, оларды ерте кезеңде анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.
Әр азамат үшін цифрландыру қосымшадан емес, сапалы интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігінен басталады. Бұл ретте ауылдардың 90%-дан астамы жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернетке қол жеткізеді. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар сапалы мобильді байланыспен қамтылады.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов