СҚО-дағы шекаралас ауылды дамытуға ₸1 млрд астам қаржы бөлінді

  • 6
  • 30.09.2026, 18:42

Солтүстік Қазақстан облысындағы шекаралас Пресноредуть ауылын дамытуға бір миллиардтан астам теңге жұмсалды. Елді мекенде жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылып, ескі ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр. Алдағы уақытта IT орталығын ашу жоспарланған.

Пресноредуть - елдің шалғай елді мекендерінің бірі. Соңғы жылдары жергілікті тұрғындардың тұрмысы айтарлықтай жақсарған. Ауылда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе көшелерге асфальт төселуі көптен күткен жаңалық болды.

Валентина Бузмакова, Пресноредуть ауылының тұрғыны:

- Мен үнемі велосипед тебемін. Көше деген теп-тегіс. Қаладан кем емес. Ауыл іші жайлы, әдемі болды. 

Ауылда 350-ге жуық адам тұрады. Олардың арасында балалар да аз емес. Өскелең ұрпақтың білім алуымен қатар спортпен шұғылдануына да жағдай жасалып жатыр. Қазір балалардың сүйікті орны – жасанды жаңа футбол алаңы.

Шамиль Хамидулин, Пресноредуть ауылының тұрғыны:

- Бұрын мұндай жасанды төсеніш болған емес. Балаларға ұнайды. Жаңа алаңда асыр алып ойнап жатыр. 

Көп жыл бойы қаңырап, енді жаңа кейіпке енгендердің бірі - осы ғимарат. Мемлекет пен жергілікті фермерлердің қолдауымен мұнда мәдени-демалыс орталығы ашылды. Медицина қызметкерлері де осы жерген көшкен. Бұдан былай науқастарды жарық әрі жайлы кабинеттерде қабылдайды.

Ирина Анохина, ауылдық медициналық пункт медбикесі:

- Бұрын медициналық пунктке бейімделген үйде отырғанбыз. Су болмады, пешті өзіміз жағатынбыз. Ал мұнда электр қуатымен жылытылады. Жарық, жылы әрі таза.

Баймағамбет Қайыров, Пресноредуть ауылдық округінің әкімі:

- Мәдени-демалыс орталығына 310 миллион теңге жұмсалды. Тұрғындар көптен күткен аудандық маңызы бар жолға 574 миллион теңге бөлінді. Бұған қоса, стадионға 16 миллион, мектепті жөндеуге 92 миллион теңге бағытталды.

Жалпы Пресноредутьті дамытуға бір миллиардтан астам теңге салынған. Бұл мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары сметалық құжаттарды әзірлесе, қаржы бюджеттен бөлінді. Ендігі маңызды міндет – үйлерге ауызсу жеткізу.

Баймағамбет Қайыров, Пресноредуть ауылдық округінің әкімі:

- Ауылда су бар, оған қатысты мәселе жоқ. Дегенмен әр үйге су кіргізілсе дейміз. Ол үшін 74 миллион теңгенің сметасы дайындалған. Тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік. 74 үйдің иесі суды тартуға кететін шығынды өздері төлеуге дайын.

Пресноредутьті дамыту жоспары мұнымен шектелмейді. Жақын арада ауылда алғашқы IT орталығы ашылады. Жаңа орталық тұрғындарға заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков