Көкшетауда көпбейінді аурухана салынып жатыр

  • 6
  • 30.09.2026, 18:45

Көкшетауда 630 орынға арналған көпбейінді аурухана салынып жатыр. Заманауи медициналық кешеннің жалпы аумағы – 17 гектар. Мұнда тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Емдеу мекемесі заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталады. Аурухана аумағында шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін тікұшақ алаңы да қарастырылған.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аурухананың құрылыс барысымен танысып, аймақтағы медициналық қызметтің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Қазір нысан құрылысының 70 пайызы аяқталған. Көпбейінді аурухана келер жылы пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, осындай заманауи медициналық кешендер еліміздің бірнеше өңірінде бой көтеріп жатыр.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Президенттің берілген тапсырмасы аясында бүгінгі таңда 50-ден астам құрылыстар бүкіл республика бойынша жүріп жатыр. Бірінші транш бойынша 108 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бес перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Сондықтан осындай жұмыстар алдағы 3 жылдың ішінде 1 триллионнан астам қаражат бюджетте инфраструктураны дамытуға арналған.