Түркістан қаласында заманауи вирусологиялық зертхана ашылды. Бұған дейін талдауға арналған биологиялық сынамалар еліміздің басқа өңірлеріне жіберілетін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет, өңірлерде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау саласын жаңғыртып, ауылдық елді мекендерді қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Тағы қай аймақта жаңа нысандар пайда болды?
Түркістан облысында «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Вокзалдың аумағы кеңейтіліп, қазір ол тәулігіне 500-ге жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін перрон жаңартылып, аумақ толық абаттандырылған. «Жаңа вокзал алдағы уақытта көлік қатынасын жақсарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге оң ықпал етеді», - дейді жауаптылар.
Елжас Отыншиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Заманауи әрі жайлы вокзал бұл тек көлік нысаны ғана емес, туристік инфрақұрылымның маңызды бөлігі, Сарыағаштың өзіндік визиттік картасы. Бұл нысан туризмнің, қонақүй, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына қосымша серпін береді деп сенемін. Бұл вокзал ізгі кездесулердің, қуанышты шығарып салулардың және туған жерге аман-есен оралудың мекеніне айналсын.
Мұстафа Сүлейменов, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
- Вокзал – Қазақстанның кіреберісіндегі ең бірінші ғимарат, ең бірінші жолаушыларды қабылдайтын орын. Сондықтан бұл жердің әдемі, көрікті, айбарлы болуы міндетті дүние еді. Бұл вокзал енді келіп жатқан қонақтарға, елімізге пана болсын. Елге жақсы күндерде қызмет ете берсін.
Түркістан облысында вирусологиялық зертхана ашылды
Түркістанда алғаш рет вирусологиялық зертхана ашылды. Соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған нысан инфекциялық қауіпті вирустарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын облыста мұндай зертхана болмағандықтан биоматериалдар басқа қалаларға жіберіліп, қорытындысы да кешігіп жататын. Енді мамандар жаңа зертхана облыстың диагностикалық әлеуетін арттырып, зерттеулерді жедел жүргізуге және биологиялық үлгілерді тез анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Вирусологиялық зертхана болғандықтан түрлі вирустарды анықтауға болады. Қызылша, түрлі гепатиттердің, тұмау вирусы, ОРВИ вирусы, жүздеген, мыңдаған вирус түрлерін анықтауға болады. Күніне 300-500-ге дейін вирустарды анықтауға қауқарлы. Облыстық зертхана болғаннан кейін басқа аудандардан барлық биоматериалдарды осында алып келіп тексереді.
Жаңа медициналық нысандар салынады
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында да төртқабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Бадамша ауылында орналасқан нысанда УДЗ, ФГДС, ЭКГ, маммография, флюорография, рентгенодиагностика және биохимиялық зерттеулер кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ Үкімет биыл Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы тағы үш жобаны жүзеге асыруға 5,7 млрд теңгеден астам қаржы бөліп отыр.
Қаражат Ақтөбе қаласында жаңа жедел жәрдем қосалқы стансасына, Ырғыз ауданындағы емханаға және Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына қосымша ғимараттар салуға бағытталды. Барлық нысандарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ерлан Сұлтангереев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Барлық жоба бойынша оң сараптама қорытындысы бар. Ақтөбе қаласының Қарғалы тұрғын үй алабында жылына 25 мың шақыртуға жаңа медициналық жәрдем қосалқы стансасын нөлден бастап салу жоспарланып отыр. Оның құрылысы Қарғалы және соған іргелес аумақтардың тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсету кезінде бригадалардың шақырту орнына жету уақытын қысқартуға және шұғыл көмектің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қалған екі жоба өңірдегі қолданыстағы медициналық ұйымдардың қуатын кеңейтуге бағытталған. «Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі есебінен кабинет қоры кеңейтіліп, пациенттерді қабылдау жағдайы жақсарады», - дейді жауаптылар.
Дамир Берікұлы, Жандос Жұмабек