Қызылордалық қос маман қазақ тілін кәсіби деңгейде меңгерген

  • 4
  • 14.09.2026, 18:46

Қызылордалық Елена Рыбина мен Вера Кораблева қазақ тілін жетік меңгеріп, кәсіби салада еркін қолданып жүрген мамандар. Елена – білім ордасының тыныс-тіршілігін насихаттайтын PR-менеджер. Ал Вера – химия пәнін қазақ тілінде оқытуды мақсат еткен ұстаз. Бірнеше тілді меңгерген қос маманның ойы бір арнада тоғысқан. Олар қазақ тілін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, кәсіби биіктерге жетелейтін маңызды құрал деп санайды.

Елена Рыбина - Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PR-менеджері. Ол күн сайын білім ошағының тыныс-тіршілігін қазақ тілінде насихаттап, әлеуметтік желілерге сапалы контент дайындайды. Елена тек кәсіби міндетімен шектелмей, қоғамдық бастамалардың да бел ортасында жүр. Өңірлік журналистер клубының төрағасы ретінде жас мамандарға заманауи медиа трендтер бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның айтуынша, қазақ тілін білу оның кәсіби өсуіне жол ашып, биік белестерді бағындыруына үлкен мүмкіндік берген.

Елена Рыбина, Назарбаев Зияткерлік мектебінің PR-менеджері:

- Әрбір адам қанша тіл білсе, сонша өзінің білім көкжиегін кеңейтуіне, жалпы сол халықтың мәдениеті туралы ақпарат алуына мүмкіндігіне жол ашады. Білімде, оқуда, сонымен қатар жұмыста осы тілдің маған берген пайдасы өте зор. Атап айтқанда, енді мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары республикалық байқауында бірінші орын иегері атандым.

Еленаның қазақ тілін еркін меңгеруі әріптесі Вера Кораблеваға да ерекше шабыт берген. Химия пәнінің мұғалімі бүгінде мемлекеттік тілді үйрену курсына тұрақты қатысып жүр. Тіл білу – заман талабы. «Қазақ тілін меңгеру арқылы мүмкіндіктерімді кеңейтіп, кәсіби деңгейімді көтергім келеді», - дейді ол.

Вера Кораблева, химия пәнінің мұғалімі:

- Орыс класстарында және ағылшын тілінде де сабақ беремін. Бірақ болашақта мен қазақ класстарға да сабақ бергім келеді. Сол себепті мен қазақ тілін үйренгім келеді. Менің Рыбина Елена әріптесім бар және болашақта мен онымен бірге қазақ тілін үйренемін деп ойлаймын.

Мәдина Рашитова, Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

- Мектепке жұмысқа орналасу кезінде үміткерлерге қойылатын маңызды біліктілік талаптардың бірі – көптілділік. Біздің ұжымда бірнеше тілді еркін меңгеріп, оларды күнделікті қызметінде белсенді қолданып жүрген ұстаздарымыз көп. Осындай әріптестеріміз көптілділіктің кәсіби артықшылық қана емес, түрлі мәдениеттерді жақындастыратын және мектеп қауымдастығын біріктіретін маңызды құндылық екенін өз үлгісімен көрсетіп жүр.

Елена мен Вераның ендігі жоспары – біліктіліктерін ұштау арқылы шәкірт тәрбиелеу жолында жаңа жетістіктерге жол ашу.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин