Алматының туризм саласына салынған инвестиция көлемі соңғы 8 жылдағы рекордтық деңгейге жетті. Биыл қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға 137,8 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,3%-ға көп. Қаражаттың басым бөлігі жолаушылар тасымалы, қонақ үйлер мен демалыс орындарын дамытуға бағытталды.
Алматы туристер үшін жыл 12 ай тартымды, әзірге шаңғы маусымы басталмады. Дегенмен шетелдік қонақтарға тауда демалудың өзге де түрлері ұсынылады. Атап айтқанда, тарих қойнауында қалған көшпенділердің өмірімен танысып, атқа мініп, ұлттық ойындарды тамашалауға мүмкіндік бар. Алматының іргесіндегі бұл демалыс орны отандастарымыз бен шетелдік туристердің сүйікті мекеніне айналды. Мұнда киіз үйде тамақтанып, таза ауада серуендеп, тіпті балық аулауға болады.
Медеу ауданындағы шатқалда орналасқан демалыс орнына қарбалас тіршіліктен қолы қалт еткендер жиі келеді. Әсіресе атқа мініп, тақым қысудың қызығы бөлек. Жылқының сырын білетін шабандоздар келген қонақтарға атқа мінудің қыр-сырын үйретеді. Ал көшпенділер шоуы отандық туристердің рухын көтеріп, шетелдік қонақтарды таңғалдырмасы анық. Теңге ілу, аударыспақ және ат үстіндегі шалт қимылдың бәрін осы жерден көруге болады.
Жандос Тілеубай, демалыс орнының қызметкері:
- Олар біздің тарихымызға қызығады. Одан бөлек, келген әрбір қонаққа этноорталық пен оның құрылымы туралы түсіндіреміз. Мысалы, киіз үйдің құрылысын, оның не үшін дөңгелек екенін білмейді. Бізге Еуропа елдерінен, яғни Германия, Англия, Италиядан көп турист келеді.
Мұндай демалыс түрлері тау туризміне қатысты экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Ірі нысандармен қатар, түрлі жабдықтарды жалға беру орындары, дәмханалар, гид қызметі, қонақ үйлер мен басқа да шағын кәсіпкерлік нысандарына сұраныс артып келеді. Мамандардың айтуынша, тау туризмі өңірге қомақты табыс әкелетін бағыттардың біріне айналып отыр.
Almaty Superski курортының да экономикаға қосатын үлесі қомақты болады дейді жоба авторлары.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development АҚ бас атқарушы директоры:
- Тау шаңғысы туризмі жақсы табыс әкеледі. Халықаралық статистикаға сәйкес, мұндай турист күніне 300-400 еуро жұмсайды. Курорт ашылған кезде 5 мың адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Өйткені мұндай курорттың айналасында көптеген бизнес түрі дамиды. Бұл тек қонақ үйлер мен жатын орындар ғана емес. Тамақтану орындары, жабдықтарды жалға беру қызметтері, сондай-ақ туристер сатып алатын кәдесыйлар мен түрлі тауарлар нарығы қалыптасады.
Жауапты мамандардың айтуынша, мегаполистің туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 140 млрд тг жуық, бұл соңғы жылдардағы туризм саласына салынған рекордтық қаражат болып отыр.
Ақбота Сақұлова, қалалық туризм басқармасының баспасөз қызметкері:
- Инвестиция тек қонақ үй саласына емес, жолаушылар тасымалына, көлікке, сондай-ақ демалыс және ойын-сауық орындарын ашуға бағытталып жатыр. Яғни Алматыда туризм саласында бір ғана бағыт емес, бірнеше бағыт қатар дамып жатыр деп айтуға болады. Қонақ үй саласында да өсім байқалады.Инвестиция көлемінің артуымен бірге туристердің географиясы да кеңейді. Мегаполиске Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия елдері, Еуропа мен АҚШ-тан келетін қонақтар саны артып отыр.
Авторы: Бекзат Үшкемпір, Радик Жақыпов, Эдуард Кон