Қазақстанда жыл басынан бері радикалды көзқарасты ұстанған 145 шетелдік азамат ұсталып, ел аумағынан шығарылды. Бұл туралы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кездесуінде айтылды. Еліміз үнемі ұйымдасқан қылмыспен, экстремизм, терроризммен күресіп келеді. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Әр азаматтың діни сенім бостандығына құқығы бар. Сонымен қатар әр адамның өзге азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарауы маңызды болып отыр.
Елімізде түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Қазақстан Республикасында мемлекет пен діннің арақатынасы заңмен ажыратылды. Елімізде барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтары тең қорғалып, халық тұрмысының жақсаруына жағдай жасалып, білім алуына мүмкіндік беріліп келеді. Сондай-ақ, ел ішіндегі ұлтаралық және конфессияаралық татулық сақталып отыр.
Таир Нұғманов, саясаттанушы:
- Зайырлы мемлекеттің нақты анықтамалары бар. Яғни, мемлекет пен оның саяси құрылымы, құқықтық жүйесі діннен бөлек болуы тиіс. Бұл дінге тыйым салу деген сөз емес. Әр азамат өз дінін еркін таңдауға немесе ешқандай сенім ұстанбауға құқылы, мемлекет пен діни ұйымдар бір-бірінен бөлек жұмыс істейді. Азаматтардың діни сеніміне қарамастан құқықтар тең қорғалады.
Жаңа Ата заңда да зайырлылық қағидаты анық көрсетілді. Онда діни араздықты қоздыруға қарсы нормалар қарастырылды. Сондай-ақ, Конституцияда білім беру жүйесі мен мемлекеттік басқару зайырлы сипатта болып, діни институттардың оқу-тәрбие жұмысына араласуына шектеу қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде: «Мектеп ең алдымен білім ордасы» екенін тілге тиек еткен еді.
Құралай Сәрсембина, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты филиалының директоры:
- Әлемдік деңгейдегі білім жүйесінде біз ілгері кетіп бара жатырмыз. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Онда біздің қазақстандық жастар білім алып отыр. «Болашақ» бағдарламасы да бар. Жастарға алаңсыз ілім алуға жағдай жасалуда, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, білім-ғылым арқылы елімізді дамытуға қомақты үлес қосулары тиіс.
Ендеше сөзді Мемлекет басшысының мына айтқанымен түйіндесек: «Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз»
Авторы:Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазы