«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында қоғамдық тәртіпті бақылау, сәйкесінше ереже бұзғандарды жауапқа тарту шаралары да күшейтілді. «Басты мақсат - халықтың экологиялық мәдениетін одан әрі арттыру» Бұл туралы Президенттің «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында жазылып тұр.
Қазір өңірлерде қоқыс тастап, айналаны ластаған тұрғындар бірден анықталып, тиісті шара қолданылады. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы барлығын көріп отырады. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан облысында тазалық сақтамаған 15 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Отырар шағын ауданындағы учаскелік полиция пунктінің тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарға бақылау жүргізді. Жол-жөнекей қолындағы қоқысы мен темекі тұқылын тастағандар бірден камераның обективіне ілінді. Полиция қызметкерлері дереу оларды бөлімшеге жеткізіп, хаттама толтырды. Бұлтартпас дәлелге бойсұнғандар өз қателіктерін мойындамасқа амалы қалмады.
Қала тұрғыны:
- Темекі шегіп белгіленбеген жерге тастадым. Өз кінәмды мойындаймын. Бұл іс-әрекетім дұрыс болмады. Теріс қылық жасадым. Қаланы таза ұстау барлығымыздың міндетіміз. Тазалықты әркім өзінен бастауы керек. Қала тұрғыны:
- Бүгін біз қателік жасап қойдық. Темекі тұқылын жерге тастадық. Сол үшін кешірім сұраймыз. Біз енді бұны қайталамаймыз, тазалықты сақтаймыз.
Тәртіп сақшылары құқықбұзушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру тазалық пен жауапкершіліктен басталатынын жеткізді.
Полиция инспекторлары тұрғындар негізінен күнделікті үйден шығатын қарапайым тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға апарып тастауға ерінетінін айтады. «Одан бөлек, абаттандыру қағидаларын бұзатындар да жиі кездеседі»,- дейді. Облыс бойынша жыл басынан бері тазалық талаптарын бұзған 14 мың 932 адамға әкімшілік шара қолданылды.
Әлихан Алентаев, облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
- Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін 6415 тұлға соттармен әкімшілік жауакершілікке тартылып, 630 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қалалар мен елді мекендерде абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін 8517 тұлғаға шара қолданылды. Бейнебақылау камераларының көмегімен 4327 тұрғын анықталып, тиісті әкімшілік шара қабылданды.
Шара барысында тәртіп сақшылары тұрғындарға қоғамдық орындарда тазалық сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және абаттандыру талаптарын бұзбауды ескертті. Тазалық пен тәртіп ортақ жауапкершілік екенін түсіндірді.
Авторы:Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш