Алматы облысында балықтандыру көлемі 1,5 есеге артты

  • 4
  • 18.09.2026, 18:39

«Өзенді балыққа толтыру» акциясы - балық қорын толықтыруға, биоалуантүрлілікті сақтауға және табиғи экожүйені қорғауға бағытталған маңызды экологиялық бастамалардың бірі. Былтыр өңірдегі су айдындарына 4 700-дей дөңмаңдай, тұқы, ақ амур, сазан балықтарының шабағы жіберілсе, биыл ол 1,5 есеге артты. Көлге жіберілетін шабақтарды комиссия мүшелері санап, сапалық тұрғыдан тексереді. Әр шабақтың салмағы 12-20 граммнан кем болмауы керек.

Ринат Кумашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Негізінен жыл сайын Балқаш-Алакөл су айдындарына балық ресурстарының өсімін молайту, сақтау үшін жыл сайын балықтандыру жұмыстары өткізіледі. Мысалы, 2025 жылы Қапшағай су қоймасына барлығы 300 мыңнан астам балық жіберілсе, ағымдағы жылы тек Қапшағай су қоймасына 1 млн 100 мыңнан астам балық жіберу жоспарланып жатыр.

Ғылыми зерттеу институттарының негіздемесіне сәйкес, ашық су айдындарына жіберілген балық шабақтарының 30% жерсініп, табиғи ортаға бейімделеді. Балқаш- Алакөл бассейнінде кәсіптік және әуесқой балық шаруашылығын жүргізумен айналысатын 54 субъекті бар. Онда 600-ден астам балықшы еңбек етеді.  

Тынысбек Барақбаев, Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы бас директорының орынбасары

- Әр табиғат пайдаланушының өзінің міндеттемелік жоспарларына сәйкес, жыл сайын олар мынау Қапшағай су қоймасын, яғни, өздері жұмыс істеп отырған су айдынында балықтандыру жұмыстарын атқаруға міндетті және балықтардың санын біздер ғылыми тұрғыдан жыл бойына мониторинг жұмыстарын жасап, табиғат пайдалауншыларға судағы биоөнімділікті анықтау барысында қанша балықтандыру саны керек екенін біз анықтап береміз.

Балқаш-Алакөл бассейнінен биыл 13 мың тонна балық аулауға рұқсат етілген. Бүгінге дейін белгіленген лимит 36 пайызға орындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 2030 жылы балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Соның 10% Алматы облысында өндіріледі.

Авторы:Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов