Петропавлдық ұстаз Людмила Милютина қазақ тілінен сабақ береді

  • 2
  • 28.09.2026, 18:52

Петропавлда орыс қызы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі Людмила Милютинаның мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. 26 жылдан бері ұстаздық ететін жан оқушылардың жүрегіне тілге деген махабатты ұялатып, мәртебесін арттыруға үлес қосып жүр.  

Людмила Милютина Есіл ауданы Бұлақ ауылында туып-өскен. Қазақ тілін бала кезінен үйренген. «Ынта болса, тіл үйрену еш қиындық тудырмайды» дейді.

Людмила Милютина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Бала кезімнен бастағандықтан ешқандай қиындық болған жоқ. Біз қазақ ауылында жалғыз орыс отбасы тұрдық. Менің әке-шешеме қиын болды. Олар тек түсінікті алды. Сөйлеу ретінде қиналған. Сондықтан менің ойымша тілді бала кезден, балабақшадан бастауға болады.

Людмила университетке қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі факультетіне оқуға түседі. Көпшілік оған бұл мамандықты игере алмайтынын айтып, таңдауын өзгертуді ұсынған. Алайда, ол   алған бетінен қайтпайды. Жоғары оқу орнын үздік тәмәмдап, мектепке жұмысқа кіреді

Людмила Милютина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Менің қызметім өмірдегі ең тамаша мамандық деп айтуға болады. Ұстаздық – ол әр мамандыққа жол беретін нағыз іс. Мен балаларды өте жақсы көремін. Сабақты өткізген кезде жанымды беріп, бар күшімді саламын.

Орыс сыныптарына сабақтан бөлек, аптасына екі рет қосымша дәріс өткізеді. Бос уақытында да қала тұрғындарына қазақ тілін үйретеді. Айтуынша, мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндердің қатары жыл санап артып келеді.

Асмина Абдуллаева, оқушы:

- Ұлтым әзірбайжан. Маған Людмила Васильевна ұстаз өте ұнайды. Сол кісінің арқасында қазақ тілін үйреніп жатырмыз. Сабақтар өте қызықты өтеді.

Людмила қазақ тілінде сөйлеу – азаматтық міндетім дейді.   Ол тіл үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды да дәріптеп жүр. Тіл жанашыры халық әндерін орындайды. Қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа оқиды.

Авторлар: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков.