Астық жинау 83%-ке аяқталды

  • 6
  • 29.09.2026, 18:34

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Қазақстанда дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюіне байланысты 72%-тен 66%-ке дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

Диқандарымыз биыл да ерледі. Еліміз бойынша 24,2 млн гектар алқапқа егін егілген. Оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға тиесілі. 18% майлы дақылдар. Бұл негізінен әлемдік нарықта осы өнімдерге деген сұраныстың артуымен байланысты. Дегенмен астық балансы сақталуда.

Мамандардың бағалуынша, жиын-терім былтырғыға қарағанда қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталды.

Қостанай облысында егін жинау науқаны 84%-ке, Ақмола облысында 90 %-ке орындалыпты. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында 95%-ке жеткен.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Орташа өнімділік – гектарынан 14,7 центнер. Осы кезеңде 19,9 млн тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардың жалпы көлемі орташа көпжылдық мәндерден жоғары болады деп болжануда. Бұл ішкі нарықты астықпен, жем-шөп пен тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша өнімдері және 2,5 млн тонна картоп, 70,5 мың тоннадан астам мақта жиналды. Үкімет отырысында Көлік вице-министрі ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау барысы туралы да баяндады.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар.

Премьер-министр элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған құрылғылардың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Дәнді дақыл ысырап болмауы және сапасын жоғалтпауы тиіс. Айтпақшы, өнімді тең өндеуге арналған алғашқы жобалар іске қосыла бастапты. Мәселен, биыл Түркістан және Жамбыл облысында зауыт салынды. Кәсіпорындарда жүгеріден 5-6 түрлі өнім алынады. Бұл шикізаттың құнын 15 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындары құрылған.

Үкімет отырысында келер жылғы егіннің жайы да пысықталды. Қазан айында 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігін іске қосу жоспарланған.