Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 70 мың гектарға жуық жер анықталды. Қазір егістік, шабындық және жайылымдық алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осакаров ауданында да жер мәселесі өзекті. Биыл ауданда тиімсіз пайдаланылған 1,5 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның жартысына жуығы шаруашылықтардан сот шешімі арқылы мәжбүрлі түрде алынған.
Осакаров ауданының Пионерское ауылындағы бұл шаруашылық бидай, күнбағыс, зығыр егеді. Фермер келешекте мал шаруашылығымен де айналысқысы келеді. Ол үшін жайылымдық және шабындық жер қажет. Маңайдың барлығы егін, бос алқаптардың көбінің иелері бар. «Сондықтан жерді ұзақ мерзімге жалға алып, дұрыс пайдаланбайтындарды анықтап, нақты мұқтаж адамдарға берсе»,- дейді шаруа.
Бауыржан Ахмеров, шаруа қожалығының басқарушы директоры:
- Біз шаруашылықты кеңейткіміз келеді. Жер қатынастары бөліміне 500 гектарға өтінім беріп қойдық. Ет бағытында ірі-қара өсіргіміз келеді. Ол үшін жем қоры жеткілікті. Енді шабындық пен жайылымдық жер болса дейміз.
Осакаров ауданы негізінен астықты өңір болғандықтан жайылымдық және шабындық жерлердің жетіспеушілігі байқалады. Биыл бекітілген нормативтерге сай егін егілмеген, мал саны жетіспейтін шаруашылықтардан 1500 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Соның 670 гектары фермерлерден сот арқылы мәжбүрлі түрде қайтарылған. Тағы 5000 гектар жерге қатысты материалдар сотта қаралып жатыр. Жер қатынастары бөлімінің мамандары шаруашылықтарға тиесілі алқаптарға мониторингті жалғастыруда.
Ерболат Тоқмырза, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қазір біз жер ресурстары басқармасымен бірге 100 шақты шаруа қожалықтарына нұсқама беріп, тексерісті мониторинг ретінде заңнамаға сәйкес жүргізіп жатырмыз. Көбінесе бізде мал бағылатын жерлерде мал есебінің жоқтығы тіркелмеген. Сол бойынша мониторинг жүргізіп жатырмыз.
Қарағанды облысында биыл жүргізілген тексеру нәтижесінде пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 70 мың гектар жер анықталды. Қазір жергілікті атқарушы органдар бұл алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағытта Қарқаралы, Ақтоғай, Осакаров және Шет аудандары көш бастап тұр. Жалпы соңғы үш жылда өңірде мақсатсыз әрі тиімсіз пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Жауапты мамандардың айтуынша, кейін бұл жерлер ашық конкурс арқылы жерге мұқтаж ауыл тұрғындарына үлестірілген.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит