Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында атап өткендей «Біздің басты бағдарымыз айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты». Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде елге қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Мәселен, Қызылорда облысындағы шалғайдағы бірнеше ауылға ауызсу желісі тартылып, тұрғындар таза сумен қамтылды. Енді Байқоңырда 94 шақырым су, 14 шақырым кәріз құбыры ауыстырылады. Сондай-ақ қаланың инфрақұрылымын жаңартуға 9 миллиард теңге бөлінді.
Тоқабай ауылына тұрғындар ұзақ күткен таза су жетті. Су құбыры әр үйге кіріп тұр. Бұған дейін елді мекен халқы тіршілік нәрін бірнеше шақырым жердегі құдықтан тасып ішті.
Айымкүл Мырзалиева, ауыл тұрғыны:
- Бұрын осыдан 2-3 километр жерден водовозбен таситын еді. Көп қиыншылықтар көрдік, негізі. Водовоз көбіне бұзылып қалады. Қазір, міне қолымыз жетіп, рахатын көрiп жатырмыз, халқымыз пайдалана бастадық.
Ауылда 190 отбасы тұрады. Былтыр мұнда су тарату стансасы салынып, желі тартылды. Осы жүйе арқылы көршілес елді мекендер де сапалы сумен қамтылды.
Мұқансерік Әлішов , Жіңішкеқұм ауылының әкімі:
- Бiз арқылы мына көршілес Ерменбетжаға, Қарақұм деген елді мекендерге 4 мыңдай халқы бар елді мекендерге де су барады. Осы жерден Ерменбетжаға 25 шақырымдай жерде, Абай ауылы 60 шақырымдай жерде құмды жерде орналасқан, орталық су желісіне қосылмаған. Енді осы су барғаннан кейін әрбір үйге, әрбір шаңыраққа су кіріп, ол елде де осындай жағдай орын алып жатыр.
Қайтарылған активтер есебінен Жаңақорған ауданындағы екі жарым мыңдай тұрғыны бар екі жаңа шағын ауданға да су тартылды. 800-ге жуық үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.
Ислам Бектұрғанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- 2025 жылы арнаулы мемлекеттік қордан 835,3 миллион теңге қаражат бөлінді. Және 2025-2026 жылдары құрылыс-монтаж жұмыстары толық жүргізіліп, ағымдағы жылы маусым айында жоба толық іске қосылып, пайдалануға берілді. Жалпы, қайтарылған активтер қаражатының әлеуметтік маңызы жоғары инфрақұрылым жобаларына бағытталуы - бұл ауыз сумен су бұру жүйелерін дамытуға және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен Байқоңыр қаласының су және кәріз жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа 9 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Осы қаржыға 94 шақырым су, 14 шақырымға жуық кәріз желісі қайта жаңғыртылады. Айта кетейік, өңірдегі барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды.
Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.