Бүгіннен бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Жаңа жүйеге сәйкес, төлемнің ең ұзақ мерзімі енді үш ай болады. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін маңдайша орнатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді ғимараттар мен нысандарға оның атауын орнатпас бұрын жазбаның эскизін жергілікті атқарушы органмен келісу қажет. Тағы қандай өзгерістер бар?
Әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгерді
Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 900 мың адам жұмыс орнын ауыстырады. Оның белгілі бір бөлігі уақытша жұмыссыз қалуы мүмкін. Міне, осындай жағдайда олар үшін әлеуметтік төлем қарастырылған. Бірінші қазаннан бастап оның ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарды. Ол әр адамның жұмыс істеген кезде әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу дәрежесіне қарай төленеді. Мәселен, алты ай жұмыс істеп, жұмыссыз қалса, бір ай төлем алады. Ал екі жылдан артық істеген болса, үш ай төленеді. Ескеретін жағдай: әлеуметтік төлемнің мөлшері азаматтың орташа табысына байланысты. Ай сайын 267 750 теңгеден аспайды.
Маңдайша орнатуда талап өзгерді
Келесі өзгеріс кәсіпкерлерге қатысты. Нақтырақ айтқанда, өз нысанына жаңадан маңдайша тағатындар оның кескінін, ондағы жазбаның мазмұнын, жалпы эскизін жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісуі қажет. Бұл қызмет азаматтарға тегін көрсетіледі. Өтінішті кеңсе арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Ол төрт жұмыс күнінде қаралады.
Вакциналарды цифрлық бақылау
1-ші қазаннан бастап вакциналарды сақтау цифрлық бақылауға көшеді. Былайша айтқанда, екпе қоймадан медициналық ұйымға жеткізілген кезде тұрақты қадағалауда болады. Жоба бұған дейін пилоттық режимде Қарағанды облысында жүзеге асырылыпты. Енді еліміз бойынша қолданылады.
Жаңа тариф енгізіледі
Ал Алматыда бүгіннен бастап суық сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жаңа тариф енгізіледі. Бір текше метр ауыз судың құны тұрғындар үшін 178 теңге, ал су бұру қызметінің тарифі 119 теңге болып бекітілген. Сала мамандарының айтуынша, бағаны өзгертуге электр энергиясы, жабдықтар алу және өзге де шығындардың өсуі негіз болған.
Мүлік салығын төлеуді ұмытпаңыз
Сонымен қатар 1 қазанда жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Бұл тұрғын үй, пәтер, саяжай, автотұрақ және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарының иелеріне қатысты. Салық мөлшерін банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, сол жерден төлеуге болады. Ал оны төлемеген, берешегі бар азаматтарға 2 қазаннан бастап хабарламалар жіберіледі.
Автор: Ердәулет Ыбырайұлы.