Қазақстанда 7 жылда 800 мыңға жуық көлік шығарылды

  • 8
  • 02.10.2026, 18:39

Қазақстанда автокөлік өндірісінің көлемі артып келеді. 2019-2025 жылдар аралығында елімізде 796 мыңға жуық көлік құрастырылған. Оның 720 мыңнан астамы – жеңіл автомобиль. Бұдан бөлек, жүк көлігі мен автобустар  шығарылды. Ірі өндірістің әлеуеті қандай? Оны жергіліктендіру қалай жүруде?

Бүгінде Қазақстанның алты өңірінде көлік құралдарын шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Онда жеңіл және жүк автомобильдері, автобустар мен арнайы техника құрастырылады. Отандық өндірістің негізгі бағыттарының бірі – локализацияны арттыру. Көлік құрастыруда қолданылатын бөлшектер мен технологиялық операциялардың басым бөлігін ел ішінде игеру жылдан жылға артып келеді. Қазақстанда аккумулятор, орындық, мультимедиялық жүйе және шина сияқты бөлшектер шығарылады. Сонымен қатар отандық автокөлік өндірушілер технологиялық операцияларды да жергіліктендіруге басымдық беріп отыр.

Гүлжан Әкімбек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, автомобиль өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы техникасы басқармасының бас сарапшысы:

- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ірі қалаларда Алматы, Қостанай, Саран қалаларында кластерлік жүйе құрастырылып жатыр. Қостанай қаласында да ірі технопарк «локализационный центр» жұмыс жасауда. Бұл сол аймақта орналасқан кәсіпорындарға автокомпоненттер шығарады. Саран қаласында орналасқан шина зауыты дөңгелектерді шығарады. Бүгінгі таңда ең ірі деп айтсақ та қателеспейміз. Болашақта Саран қаласында ірі компонент іске қосылады. Ол қытайлық брендпен жұмыс жасамақшы. 

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстандағы отандық автокөлік өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 31 процентке өскен. Ал тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық өсім 17 проценттен асқан. Ресми дилерлер арқылы елде ай сайын 20 мыңнан астам жаңа автокөлік сатылады.

Анар Мақашева, Қазақстан автокөлік одағының президенті:

- 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіштерге қарасақ, көптеген автомобиль модельдерінің бағасы айтарлықтай төмендегенін көруге болады. Бұл әр өндірушінің шығындарды азайту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанына байланысты. Өнеркәсіптік кооперация мен локализацияның дамуы көліктің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа автомобильдердің халыққа қолжетімді болуына әсер етеді.

Отандық автокөлік өндірісінің экспорттық бағыты да біртіндеп кеңейіп келеді. 2021-2023 жылдары Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты Өзбекстанға жеңіл автомобильдер экспорттаған. Қазір жүк көліктерін шығаратын қазақстандық кәсіпорындар Қырғызстанға өнім жөнелтіп отыр. Автоөндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде. 

Жарас Әбдіқожаев, Astana Motors Manufacturing дәнекерлеу цехының басшысы:

- Ол бізді инженерлер ретінде қатты қуантады. Өйткені қазіргі таңда техникалық мамандықта оқып жатқан жастар көп. Ол роботизация болсын, инженер-технолог, инженер-конструктор. Яғни оның барлығына жұмыс болады деген сөз. Сонымен қатар ол инженерлердің білім деңгейі артады деген сөз. Осы зауыттың өзінде мысал ретінде айтсақ, біздің инженерлер Қытай зауыттарына барып, өзара тәжірибе алмасып, бір бірлерінен үйреніп жатыр.

Мәліметтерге мән берсек, автокөлік өндірісінде 11 мыңнан астам адам тікелей жұмыспен қамтылған. Қазір өнеркәсіптік кооперацияны дамыту – басты назарда.

Автоөнеркәсіп өкілдерінің айтуынша, отандық өндірістегі локализация деңгейін арттыру үшін басқа салалармен бірлескен жұмыс қажет. Мұндай кооперация жаңа технологияларды игеріп, автокөлік өндірісіндегі жергілікті бөлшектер үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев